Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай Мемлекеттік қуыршақ театры 14 желтоқсан күні рухани-танымдық мәні зор қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Театр ұжымы «Ана тілегі», «Мир», «Азаматша» әлеуметтік қайырымдылық орталықтарымен бірлесіп, бүлдіршіндердің жүрегіне отансүйгіштік рухын ұялатуды мақсат еткен мазмұнды мәдени жоба ұсынды.

Мерекелік іс-шара аясында жас буынды елін сүюге, туған жерін қастерлеуге, қиыншылық туғанда батылдық пен ізгілік таныта білуге баулитын «Алтын адам» спектаклі сахналанып, сондай-ақ «Тәуелсіздік – тұғырым» ақпараттық-танымдық бағдарламасы өткізілді. Іс-шара аясында қуыршақ театры мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балаларына мерекелік көңіл күй сыйланды.

Жоба барысында балалардың белсенділігі мен қызығушылығын арттыру мақсатында Тәуелсіздік тақырыбында викториналық сұрақтар қойылып, туған жер, отан, атамекен жайлы өлең жолдары оқылды. Жас жеткіншектер мемлекеттік рәміздерге деген құрметін білдіріп, Қазақстан Республикасының Гимнін зор мақтанышпен орындады. Аталмыш сәттер балалардың бойындағы ұлттық сананың қалыптасуына ерекше әсер етті.

Сондай-ақ көрермендер назарына Жетісу өңірін мекендеген сақ дәуірінің көрнекті жас көсемі, қазақ халқының азаттық пен еркіндікке ұмтылған асқақ рухының символына айналған «Алтын адам» туралы спектакль ұсынылды. Туындының мазмұны батырлық пен адалдық, ерлік пен елге қызмет ету секілді асыл қасиеттер дәріптейді.

Іс-шара соңында «Азаматша» әлеуметтік қоғамдық қорының директоры Мадина Сауытбекова өз пікірін білдіріп, жобаның маңыздылығына тоқталды:

«Тәуелсіздік күні секілді қастерлі мерекеде балаларға арналған осындай тағылымды шаралардың тәрбиелік мәні орасан зор. Бұндай спектакльдер балалардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға зор үлес қосады деп ойлаймын. Алдағы уақытта да қуыршақ театрымен бірлескен жобаларды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Қорымыздың атынан ұйымдастырушыларға шынайы алғысымды білдіремін», – деді ол.

Бұл қайырымдылық акциясы – мәдениет пен тәрбиенің тоғысқан тұсында жас ұрпаққа рухани демеу болып, тәуелсіз елдің ертеңіне деген сенімді нығайтқан тағылымды іс-шара болды.