Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры балаларға базарлық ұсынады

31 Мамыр 2021

Өскелең ұрпақ болашақ елдің тізгінін ұстайтыны қашан да анық. Әлемдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің ортақ мүддеміз. Осы ретте Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры түрлі қойылымдары арқылы кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптей отырып, жас буынның қалыптасуына қалтқысыз жұмыс жасауда.

Өнер ордасы балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты және жыл сайын асыға күтетін басты мерекелері 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында онлайн және офлайн форматта мерекелік бағдарламалар мен әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға театрдың үлкен залында (сағат 12:00, 14:00, 16:00) «Қуыршақ думан» (реж.: С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова) мерекелік қойылымының қайырымдылық көрсетілімін ұйымдастырады. Іс-шаралардың мақсаты – жас ұрпақтың санасына мейірімділік, сүйіспеншілік ұғымдарын қалыптастыру. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен балаларға көмек көрсету, жасөспірімдерді кішіпейілділікке, бауырмалдыққа баулу.

Онлайн форматта театрдың ресми әлеуметтік парақшалары арқылы танымал жұлдыздардың қатысуымен балалық шағындағы қызықты естеліктеріне саяхаттайтын «Балалықтың бал дәмі»  бейнежазбасы, театрдың шығармашылық тынысын, жұмыс барысын, қуыршақтар әлемін кеңінен насихаттауға арналған TikTok каналының ашылуы, Театрдың қуыршақ жасау шебері, суретші, бутафор қызметкерлерінің қатысуымен онлайн шеберлік сағатының «Балалық шақтың жарқын түстері» бейнежазбасы, театрдағы отбасылық жұптардың қатысуымен «Бақытты отбасы – бақытты бала» Instagram парақшасында тікелей эфир ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, офлайн форматта «Қуыршақ театры қуантады» ашық аспан астында мерекелік құттықтау және театр жайлы викториналық сұрақтар байқауы, «Менің сүйікті қуыршағым» ашық аспан астында балалардың қатысуымен сурет салудан байқау, театр фойесінде қойылымға келген көрермендер арасында театр артистерінің қатысуымен «Әрқашан күн сөнбесін» тақырыпта интерактивті ойындар ұйымдастырылады. Байқау жеңімпаздарына театр қойылымдарына тегін шақыру билеті ұсынылады.

Қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін аталмыш мерекені бірге тойлауға шақырады!

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

"INFODK.KZ - Дайджест Қазақстан" порталы

Сілтеме: https://infodk.kz/2021/05/uyrsha-teatry-balalar-a-bazarly-synady/