Алматы қаласында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры ашық аспан астындағы «Жақсылықтың жаршысы – әз Наурыз» мерекелік ойын-сауық бағдарламасын ұсынады. Аталмыш мерекелік іс-шара Алматы қаласының көрікті де әсем жерлерінің бірі – Арбат алаңында 21-23 наурыз күндері өткізілмек.
Қыс мезгілі өз мәресіне жетіп, көктемнің алғашқы самалы сезіліп, күн шуағы жер бетін мейіріммен аймалаған шақта қасиетті Наурыз мерекесі өзімен бірге жаңару мен жақсылықтың жарқын лебін ала келеді. Осы бір шуақты күндері еліміздің мәдени астанасы – Алматы қаласы толықтай мереке-думан әлемінің қақпасын ашып, көтеріңкі көңіл күйге, шын жүректен айтылатын ақжарма тілектерге, түрлі-түрлі мерекелік шараларға зейін алады. Әрбір қадам қуанышқа, әрбір сәт позитивке тола түседі.
Тура осындай мереке аясында бүлдіршіндерге көңіл көтеріп, жігер беріп, ізгілікке ой салу Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры үшін әрдайым маңызды ниет болмақ. 90 жылдық тарихқа ие өнер ұжымы ашық аспан астында Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтары назарына «Жақсылықтың жаршысы – әз Наурыз» мерекеллік ойын-сауықтық бағдарламасын ұсынғалы отыр.
Жібек Жолы мен Панфилов көшелерінің қиылысында өтетін бұл бағдарламада бойлы қуыршақтар, жіпке ілінген марионеткалар, айрықша образдағы таяқ қуыршақтар өнер көрсетеді. Көрермен тек сырттай бақылаушы емес, мерекенің бір бөлшегіне айналып, қуыршақ кейіпкерлерімен түрлі ойындар ойнап, әсем әуендердің ырғағына би билеп, бірге көңіл көтереді. Балалар үшін бұл – шаттық пен шабыт әлеміне сапар болса, ересектер үшін – балалық шақтың тәтті естеліктеріне қайта оралар мүмкіндікке айналады.
21 наурыз күні сағат 12:30-да, 22 наурыз күні сағат 13:30-да, 23 наурыз күні сағат 12:00-де Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры қала тұрғындары мен қонақтарын асыға күтеді. Ашық аспан астында өтетін осы бір іс-шара – Наурыздың мәнін тереңнен сезіндіретін, жүрекке жылу ұялататын мереке болмақ.