Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театрына «академиялық» мәртебе берілді.

Мәдениеттің алғашқы мектебі саналатын Мемлекеттік қуыршақ театрының іргетасы 1935 жылы белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың бастамасымен қаланған. 90 жылдық тамырлы тарихқа ие өнер ордасы бүгінгі күнде көрерменнің сұранысына сай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор, әралуан бағыттағы, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер легін үздіксіз ұсынып келеді.

Қазақ халқының ертегілері мен аңыздарына негізделген «Ортеке», «Наурыз құпиясы», «Ұр, тоқпақ!», «Ер Төстік», «Қаңбақ шал», «Алтын адам» сынды балаларға арналған спектакльдер ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, балаларды патриоттық, батылдық, жасампаздық секілді ізгі қасиеттерге жетелейді. Әлем әдебиетінің үздік үлгілері қатарынан табылатын ертегілер мен шығармалар негізінде сахналанған «Қасқыр мен жеті лақ», «Қызыл телпек», «Үш торай», «Қар ханшайымы», «Түйме қыз» сынды спектакльдер бүлдіршіндерге мейірімділіктің, қамқорлықтың, адамгершіліктің маңызын үйретеді. Ал ересектерге арналған «Мен кіммін..», «Шекпен», «Шал мен теңіз», «Ана – Жер ана», «Макбет. Иллюзия», «Ромео мен Джульетта» сынды спектакльдер көрерменге өз жан-дүниесіне үңіліп, рухани серпіліс алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қуыршақ театры үшін соңғы жылдардағы ең ірі мәдени бастамалардың бірі – жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық «Almaty Puppet Festival» қуыршақ театрлар фестивалі. Аталған жоба Алматыны халықаралық қуыршақ өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырды. Фестиваль аясында Испания, Италия, Чехия, Польша, Қытай, Үндістан, Болгария, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның таңдаулы ұжымдары бас қосып, шығармашылық тәжірибе алмасып, қуыршақ өнерінің жаңа бағыт-бағдарын бірге талқылайтын кәсіби алаң қалыптасты. Бүлдіршіндер мен ересек көрермен үшін бұл мереке нағыз рухани жаңғыру кеңістігіне айналды.

Сонымен қатар, Мемлекеттік қуыршақ театрының халықаралық сахнадағы белсенділігі де жыл санап артып келеді. Ұжым Франция, Канада, Болгария, Түркия сынды бірқатар елдерде өткен беделді халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындардан көріне білді. Бұл жетістіктер қазақ қуыршақ өнерінің шет елдердегі танымалдығын арттырып қана қоймай, отандық театрдың кәсіби деңгейін жаңа биікке көтеруге ықпал етті.

Алдағы уақытта да Мемлекеттік қуыршақ театры көркемдік ізденісті тоқтатпай, тың режиссерлік шешімдермен ерекшеленетін жаңа спектакльдерді сахналауды, халықаралық жобалар аясын кеңейтуді және көрерменмен байланысты одан әрі нығайтуды мақсат етіп отыр.

Ғасырға жуық үздіксіз шығармашылық ізденіс, ұлттың руханиятына адал қызмет, халықаралық деңгейдегі белсенділік және көрермен сенімі – Мемлекеттік қуыршақ театрының қазіргі таңдағы биік тұғырының айқын көрінісі. «Академиялық» мәртебе – өнерге деген жауапкершілік пен талғам биігін сақтап келе жатқан ұжым еңбегінің заңды жалғасы.