Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Баршамызға ортақ міндет

8 Сәуір 2022

Бәрі – бүлдіршіндердің бақытты болашағы үшін

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры отбасылық құндылықтарды нығайту, балаларға қуанышқа толы сәттер сыйлау мақсатында қызықты спектакльдер көрсетілімі мен тұрақты мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырып келеді.

Ұлттық қуыршақ өнерін жаңғырта түсу арқылы бүлдіршіндердің дәстүрлі өнерге, мәдени тарихымызды білуге деген қызығушылығын тудыру бағытында жаңа спектакльдер дайындалу үстінде. Қуыршақ театры мемлекеттік мерекелер қарсаңында көрермендер назарына тегін мастер-кластар, мерекелік эфирлер, ойын-сауықтық айдарлар мен танымдық бейнежазбалар ұсынуды қолға алған.

Сонымен қатар, жыл сайын Балаларды қорғау күні мерекесі аясында мерекелік бағдарлама мен әлеуметтік жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі балаларға қайырымдылық акциясын ұйымдастыру дәстүрге айналған. Театр ұжымы тек балаларға арналған спектакльдер емес, ересектерге арналған қойылымдар сахналауымен де қазақ қуыршақ өнерін әлемдік кеңістікте кеңінен насихаттап келеді.

Театр әр жылдары көптеген фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болып, қазақ қуыршақ өнерінің дамуына үздіксіз үлес қосуда. Биыл да бірнеше республикалық және халықаралық театр фестивальдеріне шақырту алды.

Атап айтқанда, Түркияның Конья қаласында өтетін «Мың тыныс, бір дауыс» XIII Халықаралық театр фестивалі, Молдова Республикасы Кишинев қаласындағы «Под шапкой Гугуцэ» қуыршақ театрларының фестивалі, Ресей Федерациясы, Новосибирск қаласында өтетін «Перекресток» қуыршақ театрларының фестиваліне және Ақтөбе қаласында өтетін V «BALAUSA» экспериментальді спектакльдер фестиваліне театр ұжымы шақырту алды.

Түрлі театр фестивальдерінен бөлек, репертуарға қосылатын әрбір жаңа спектакль де көрермендеріміздің қатарын арттырып, қуыршақ өнерін кеңінен насихаттауға бағытталуда. 20 жылдан аса көрермендердің сүйікті қойылымына айналып, үздіксіз сахналанып жүрген «тұрақты қойылымдар көрсетілімі» осы сөзімізге дәлел. Одан бөлек, театрдың төлқұжатына айналған «Қуыршақ-думан», «Тоба» қойылымдары балалардың өз отбасы мен Отанын сүюіне ықпал етеді. Отбасы институтын нығайтуға және отбасы құндылықтарын жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған қойылымдар көрсетілімі көрермендер назарына үздіксіз ұсынылып келеді.

Өткен ғасырда іргетасы қаланған Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры бүгінге дейін қуыршақ өнерінің жүйесін меңгеріп, тарихи кезеңдерді басынан өткерді. Сол құндылықтарды көзіміздің қарашығындай сақтап, ұрпақ игілігі үшін білікті жұмыс істеу – парызымыз. Көрермендердің сұранысын қанағаттандыра отырып, әлеуметтік парақшалар арқылы да театрға көрермендерді қызықтыру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Желідегі жарнамалар арқылы балаларды шексіз ақпарат әлемінен пайдалы дүниелерге қызықтыру – мақсатымыз. Сонымен қатар, білім мекемелерімен, балабақшалармен жұмыс істеп келеміз. Ертең ел туын желбіретер бүлдіршіндердің бақытты болашағы үшін еңбектену – баршамызға ортақ міндет. Ел ертеңіне қамқор болайық!

Алмат АБДРАХМАНОВ,

Мемлекеттік қуыршақ театры директорының міндетін атқарушы.

 "Almaty Aqshamy" газеті

Сілтемесі: https://almaty-akshamy.kz/barshamizga-ortak-mindet