Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мемлекеттік қуыршақ театры үш бірдей фестивальге жол тартпақ

5 Қазан 2021

Ересектерге арналған спектакльдер сахналаудағы тәжірибесі кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаланып келе жатқан театр ұжымы биылғы жылдың екінші жартысында қатарынан үш театр фестивалінде бақ сынамақшы.

Өнер ордасының басты мақсаты – балаларды ғана емес, ересектерді де тылсымын ішіне бүккен қуыршақ өнеріне қызықтыру. Ендеше, театр ұжымы сол миссиясын тек елімізде ғана емес, шетелде де дәріптеуді жолға қойып отыр. Қазақ қуыршақ өнерінің мүмкіндігін танытатын алғашқы өнер додасы Халықаралық сарапшылар мен театр сыншыларының басын қосатын «ТеArt – көкше» театр фестивалі болса, Қарағанды қаласында алғаш рет өткізілгелі отырған «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде де қуыршақ театры еліміздің бірнеше облыстарынан сарапталып алынған үздік қойылымдар қатарында бақ сынайды. Аталған өнер додаларына ересектерге арналған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (реж. А.Зайцев) және әлемдік классика «Ромео мен Джульетта» (реж. Д.Жұмабаева) қойылымдары қатысатын болады.

Оңтүстік астананың мәдени деңгейін одан әрі арттыру, қазақ өнерінің әлем кеңістігінде танылуына ықпал ету мақсатында театр ұжымы аттанатын Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлары фестивалінің де маңызы зор. Ағымдағы жылдың қазан айында салтанат құратын өнер бәйгесі Түркия мемлекеті, Анкара қаласында өтпек. Театр репертуарына биылғы жыл қосылған ересектерге арналған «Макбет.Иллюзия» (реж. Д.Жұмабаева) және балаларға арналған «Үйшік» (реж. А.Зайцев) қойылымдары ұсынылатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, өнер додаларында бақ сынайтын ересектерге арналған спектакльдер әр жылы отандық және шетелдік театр фестивальдерінде кәсіби театр сыншылары тарапынан жоғары бағаға ие болып, қуыршақ театрының мүмкіндігін терең танытып келе жатқан көркем туындылар қатарында. Ендеше, құпиясы мол қуыршақ өнерінің кезекті сапары сәтті, мерейі үстем болғай!

 

Айым Нұрман

"Almaty Aqshamy" газеті

Сілтеме: https://almaty-akshamy.kz/memlekettіk-қuirshaқ-teatri-үsh-bіrdey-festivalge-zhol-tartpaқ