Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай өтетін іс-шаралар анонсы

4 Ақпан 2021

Биыл 9 ақпанда қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың (1931–1976) туғанына 90 жыл толып отыр. Атаулы күнге орай Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен бірқатар іс-шаралар өтеді.

1-7 ақпан аралығында, Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай, «Есіңе мені алғайсың» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан республикалық онлайн байқауы өтеді. Аталған байқау ақын өлеңдерін сүйіп оқитын оқырман үшін тек өнерін көрсету ғана емес, сонымен қатар, демеушілер тағайындаған бір миллион теңгені ұтып алуға мүмкіндік береді. Байқаудың басты шарты ақиық ақынның шығармашылығынан бір туынды оқып, соның мағынасына сай 1-3 мин аралығында бейнежазба түсіріп,  Инстаграм парақшасына #Мақатаев90 хэштэгімен жүктеу керек. Толық ақпаратты @almatymadeniet Инстаграм парақшасынан білуге болады.

5 ақпан, сағат 15:00-де «Алматы қаласы музейлер бірлесетігі» КМҚК С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінде (М. Төлебаев көшесі, 125) «Алтын қалам» тақырыбында көрме кеші ұйымдастырылады. Кеш қонақтары: Мұхтархан Қалиұлы – ақын, Мұқағали Мақатаевтың немере інісі; Еркін Шүкімән – әнші.

5 ақпан, сағат 10:00-де Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Қазақстан жазушылар кітапханасында (Алтынсарин көшесі, 37) «Мұқағали – жыр дүлділі» тақырыбында әдеби-сазды кеші өтеді. Кеш қонағы: Шаяхмет Имашұлы – Мұқағали шығармашылығын насихаттаушы.

5 ақпан, сағат 14:00-де Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасында (Назарбаев даңғылы, 43) «Мен өмірді жырлау үшін келгенмін...» тақырыбында ақынды еске алу кеші өтеді. Кеш қонақтары: Шаяхмет Имашұлы – Мұқағали шығармашылығын насихаттаушы.

9, 10 ақпан, сағат 18:30-да «Мемлекеттік қуыршақ театры» КМҚК (Пушкин көшесі, 63) театр репертуарындағы ақын поэзиясының негізінде сахналанған «Мен деп ойла...» қойылымының көрсетілімі өтеді.

9 ақпан, сағат 18:30-да «Алатау» дәстүрлі өнер театрында«Мұқағалимен сырласу» атты поэтикалық кеші жоспарланған. Сонымен қатар, театрлар арасында әлеуметтік желі арқылы қазіргі жастарға ақынның мұрасын тағы бір зерделеуге мүмкіндік беретін Мұқағали Мақатаев өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасы басталып, #ММақатаев90жыл хэштегімен жалғасын табуда. Барлықтарыңыздан ақынға деген құрмет көрсетіп, эстафетамызды жалғастыруларыңызды сұраймыз!

«Алматы қаласы музейлер бірлесетігі» КМҚК С. Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің әдеби-мемориалды музей кешенінің Инстаграм және Фейсбук парақшаларынан (@almatymuseums, @muzey_s.g.m) ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған «Хан Тәңірінің Мұзбалағы» онлайн лекциясын тамашалай аласыздар.

Аталған іс-шаралардың басты мақсатыМұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау. Ақын поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, өлеңдерін мәнерлеп оқып оқырман назарына ұсыну. Ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл шараларда ақынның жан дүниесіндегі толқыныстар көрініс табады. М. Мақатаевтың поэзиясы оқылып, өлеңдеріне жазылған әндер шырқалатын қойылымдар ақын өмірінің кейбір сәттерін бейнелей отырып, көрермен көңілінен шығатын әсерлі дүниеге айналатыны анық.

Барлық іс-шараларда карантиндік талаптар қатаң қадағаланып, қашықтық және масқа режимі сақталады.