Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

"Қуыршақ" театры шетел асып, төрт бірдей фестивальге қатыспақшы

8 Сәуір 2019

Театр - өз заманының озық идеяларын бойына сіңіре отырып, ізгілік мұраттарын паш еткенде, ең бастысы адамның өмірлік ой-мақсаттары мен оның күрделі ішкі жан дүниесін терең ашып бейнелеу арқылы қоғам алдындағы миссиясын орындайды. Еліміздегі тұңғыш қуыршақ театры да мәдениет пен өнер кеңістігінде қазақтың қуыршақ өнерін өркендету, көрермендердің рухани сұранысын қанағаттандыру жолында үздіксіз еңбек етіп келе жатыр.

Елімізде және шет елде өткен халықаралық, республикалық театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыты мен бағдары да айқын. Өнерді өрлету жолында үздіксіз тер төгіп жүрген театр ұжымы биылғы жылы бірнеше Халықаралық театр фестивалдеріне шақырту алды.

 

Ағымдағы жылдың маусым айының 1-9 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Казань қаласында өтетін «НАУРУЗ» XIV Халықаралық театр фестиваліне шақырту алған өнер ұжымы араға аз уақыт салып, үш бірдей өнер додасына қайта шақырту алып, бақ сынайтынын хабарлаймыз.

Аталмыш өнер додасында театр ұжымы «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» (авт: У.Шекспир, реж: Д.Жұмабаева) қойылымын ұсынады.

«Ромео мен Джульетта» - шырғалаңға толы туынды. Қойылым адам бойындағы қанды кек пен қызғаныш, менменшілдік пен пендешілік сынды қасиеттерді жеңген мөлдір махаббат туралы болмақ.

Әлемнің мыңдаған театр сахналарынан өз орынын тапқан қойылым қазақ қуыршақ театрының да кәсіби деңгейін дәлелдейді деп сенеміз.

 

Өнер ордасы қараша айының 23-26 күндері аралығында Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында «Е.Деммени атындағы Қуыршақ театрының» 100 жылдық және аталмыш фестивальдің 25 жылдық мерейтойының құрметіне ұйымдастырылған «КУКАRT» Халықаралық театр фестиваліне А.Зайцев режиссерлігімен сахналанған «АНА ЖҮРЕГІ» спектаклімен қатысады.

«Ана жүрегі» - анаға деген құрмет, ананың қадірі жайында күрделі ойды баяндайтын, заманауи театр стилистикасының негізінде сахналанған спектакль. Қойылым бірнеше халықаралық театр фестивальдерінен жүлдемен оралып, көрермен көзайымына айналған.

Қаншама ғасыр өтсе де, өмірдің кілтін ұстап тұрған «ана» мен «бала» ұғымы ешқашан құндылығын жоғалтқан емес. Ана балаға, бала анаға тәуелді. Бірақ, бүгінгі заманда біз бұл түсінікті қалай қабылдаймыз?! Міне, осы сауалға жауап іздейтін қойылым қуыршақтар бейнесінде тіл қатады.

Сондай-ақ, 24-30 қыркүйек күндері аралығында Ресей Федерациясы, Омск қаласында өтетін «В ГОСТЯХ У «АРЛЕКИНА» атты VI Халықаралық театр фестиваліне де «АНА ЖҮРЕГІ» қойылымымен қатысады. Спектакль режиссері – А.Зайцев.

Ана тақырыбы қай кезеңде де қасиетті, ол ұлтқа, уақытқа бөлінбейді. Ана болмысын, кеше мен бүгіннің өзара үндестігін, анаға көрсетілер құрмет пен шексіз махаббаттың үлгісін әр режиссер өзінше жеткізгісі келеді.

Қуыршақ театры сахнасына шыққан ана бейнесі, режиссердің өзіндік көзқарасы мен психологиялық-пластикалық шешімге құрылған спектаклі шетелдік сарапшылар мен көремендерден өз бағасын алатынына сеніміміз мол.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қазан айының 19-26 күндері аралығында театр ұжымы кезекті рет Түркия мемлекеті, Анкара қаласында өтетін V Халықаралық «АНКАРА» қуыршақ театрлары фестивалінде өнер көрсететін болады.

 

Аталмыш фестивальге «РОМЕО МЕН ДЖУЛЬЕТТА» (авт.: У.Шекспир, реж.: Д.Жұмабаева) және «АНА ЖҮРЕГІ» (авт.: Е.Ионов, реж.: А.Зайцев) қойылымдары шақырту алғанын хабарлаймыз.

«Ана жүрегі» қойылымы – жерге, нәсілге бөлінбейтін, жер бетіндегі барлық адам тіліне ортақ АНА тақырыбын арқау етеді. Бүгінгі қоғамның кезек күттірмейтін күрделі мәселелерін әр-түрлі астарлы белгілермен сахналай отырып, жасөспірім балалардың психологиясын, қалыптасу кезеңдеріндегі қателіктерін көрсетеді.

Ана мен баланың өздеріне ғана ортақ қарым-қатынасы мен оқиғасы қаншама көрермендерге ой саларлық күшке ие. Ендеше, қуыршақ театрының аталмыш қойылымы сарапшылар мен көрермендерді де бей-жай қалдырмайтыны анық.

Театр фестивалінің басты мақсаты – қуыршақ театры өнерінің әлемдік кеңістікте даму жолын сақтай отырып, әр елдің репертуар саясатымен кеңінен танысу, өнер ошақтарының шығармашылық тынысын бағамдау болып табылады.

Фестиваль аясында негізгі бағдарламадағы қойылымдардың көрсетілімінен тыс фестиваль қатысушыларының арасында дөңгелек үстелдер мен шеберлік сағаттары, т.б. шаралар ұйымдастырылу жоспарлануда.

 

Сілтеме: https://kaz.nur.kz/1787954-kuyrsak-teatry-setel-asyp-trt-birdej-festivalge-katyspaksy-foto.html?fbclid=IwAR0yZFOweILdgV3Wu92S9G7XRdV1JK7feQ5dtrPCRiczOWSQxfXQsM1NLdM