Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Театр - хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер

20 Маусым 2022

Театр – мәдениет ошағы, өнер ұйтқысы екені барша адамзатқа мәлім. Сол мәдени ошақ болып табылатын театрдың бірнеше түрлері бар. Мәселен, опера, балет, драма, комедия, көлеңкелі, қуыршақ, сатира, пантомима және т.б. Осы аталған театр түрлерінің ішіндегі құрылымдық жағынан болсын, шығармашылық бағыты мен ізденісі жағынан болсын  ең ерекшесі – қуыршақ театры. Себебі, мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам баласы қуыршақ театрына асығады. Театрға келген әрбір көрермен қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады. Қуыршақ театрының көрермендерінің басым бөлігі – балалар. Балалар әлемі – негізінен ең көңілді, ең шынайы, ең таза әлем. Ал, қазіргі күйбең тіршілік пен қоғамнан қатігездікті көбірек көрген жандар осындай тазалыққа құштар.

Осындай театрдың сахнасында өнер көрсететін актердің қызметі оңай емес. Себебі, ол түрлі кейіптегі, түрлі мінездегі қуыршақтарды қимылға келтіріп, оған қоса сөзін айтып, ойнатып тұруы қажет. Қуыршақтар қойылымның идеясына, көркемдік тәсіліне, мінездеріне, атқаратын қызметіне қарай бірнеше түрге бөлінеді: марионетка, қағаздан жасалатын, тростевой, киілмелі (қолға киіп ойнайтын), сым, сырық арқылы қозғалатын, жіптен немесе арқаннан өріліп жасалатын, т.б. Негізінен қазақ жеріндегі қуыршақ театры ұлттық ойындардан бастау алған. Мысалы, ертеден келе жатқан, көпке танымал «Ортеке» ойыны осының айқын дәлелі. Ағаштан жонып жасалған текенің мүсіншесіне сылдырмақ тағып, домбыра тартқанда жіптің бір ұшын ішекті шертер саусаққа іліп билететін болған. Бұл белгілі театртанушы Еркін Жуасбектің «Қазақ қуыршақ театры» деп аталатын зерттеу еңбегінде жан-жақты талданған.

Сексен жеті жылдық тарихы бар Алматы қалалық  мемлекеттік қуыршақ театры әр елдің шығармаларын ұлттық тілде сахналаумен бірге актерлардың, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарған. Қазіргі таңда театр қоржынында елуден астам қойылым бар. Солардың ішіндегі жас көрермендерден бастап, ересектердің жүрегіне жол таба білген «Каштанка» қойылымы көпшілікке әркім өз өмірінің иесі, өмір сүру ортасын әрбір адамның өзі таңдайтындығын көрсетеді. Бейтаныс жандардың үйіне келген кішкентай сары иттің  оқиғасы ересектерді де, жас көрермендерді де бей-жай қалдырмай, бір спектакльде бірнеше мәселелердің көтерілуі арқылы елең еткізеді. Қойылым бірде көңілді ноталарда өтсе, бірде мұңды сарынға ауысып отырады.

Мұнда алғашқы иесінен көптеген жайсыздықтарды бастан кешкен  Каштанка кейінгі иесіне барғанда молшылыққа кезігеді, цирк өнерінің трюктарын үйренеді. Алайда күнделікті бірсарында қайталанатын өмір ол үшін қызықты емес. Демек, осы көріністерді саралай келіп, басты кейіпкердің өмірін адамзаттың өмірімен байланыстыра аламыз. Осы қойылым ешқандай ізденбей, оқымай, білмей, бірсарынды тірлікпен адам баласының дамуы мүмкін еместігін аңғартады.

Спектакльдегі актерлік құрамға, роль орындаушылардың ойнау шеберлігіне, кейіпкерлердің сөзді жеткізу мәнеріне келетін болсақ, шынайы ойынымен есте қалған өнерпаздардың болғанын айтып өткіміз келеді. Қойылымға қатысушы актерлік ансамбль қимыл-қозғалыстары, мимикасы мен жесттері арқылы, қуыршақтарды ойнату арқылы жануарлардың ішкі жан-дүниесін ашып көрсете алды. Ал, қуыршақ театры үшін сахнада қуыршақтардың жай-күйін көрсете алу өте маңызды. Соның ішінде басты кейіпкер Каштанканы кейіптеуші Болат Момынжанов өз рөлін жоғарғы деңгейде алып шыққан актерлардың қатарынан болды. Себебі, қуыршақты ойнатып, дыбыстауы сол сәттегі басты кейіпкердің эмоциясын  анық жеткізе алды.

«Каштанка»  әңгімесінде  жеткізілетін тақырыптар қазіргі кезде де өзекті. Шығарманың басты тақырыбы – адамдар мен жануарлардың арасындағы қарым-қатынас. Мұндағы тағы бір маңызды мәселе – адамдардың жануарларға деген көзқарасы. Үй жануарлары өз иесіне адал қызмет етіп, достық ниетін байқатса, керісінше адамдар оларға қатыгездік танытады. Осы «Каштанка»  арқылы көрнекті орыс жазушы-драматургы Антон Павлович Чехов үй жануарларына мұқият және мейірімді болуға шақырады. Олар да жанды жаратылыс ретінде ауруды, аштықты сезінеді, сағынышты бастан кешіреді.

Осы тұста тағы бір байқайтынымыз ол – адалдық. Иесінің өзіне деген көзқарасының терістігіне қарамастан оқиға барысында Каштанка бұрынғы иесіне қайтып оралды. Өзгенің қолымен берілген дәмді ас та, жақсы өмір де, еркелету де иесіне адал итті еліктіре алмайды. Дәл қазіргі қоғамдағы адамдар арасындағы адалдықтық, әділдіктің жойылып, жоғалып бара жатқандығы жасырын емес. Сол тұрғыдан алғанда осы аталған өзекті мәселелердің барлығын режиссер К.Адылов қойылымда жетер жеріне жеткізіп көрсетіп берген. К.Адылов аталған қойылыммен сауатты жұмыс жасағанын қаздың өлімі болған сахнадан да байқауға болады. Себебі, ол бұл тұсты қараңғылықпен ғана көрсетіп қоя салмайды. Оны соңғы демі біткен сәтте қорапшасына салу арқылы байқатады. Қойылымдағы тағы бір ерекшелік деп режиссер мен актерлер арасындағы шығармашылық тығыз байланысты айтар едік. Көптеген қойылымдарда актерлер режиссердің айтқысы келген негізгі ойын сахнада көрсете алмай жатады. Ал, бұл спектакльде артистер режиссерді түсініп, негізгі ойды жеткізе алды. Әрине кемшін тұстар да жоқ емес. Техникалық жағынан болған қателікті сахнадағы қорапшалардың соқтығысып қалып жатуынан аңғардық. Дегенмен мұндай кемшіліктер қойылымның мән-мағынасын өзгертпейді.

 

Ақжүніс Әшім

Массагет порталы

Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/oy_tolgaular/29780/