Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры көрерменмен қауышты

14 Мамыр 2021

Талғампаз, тәуелсіз, жүрегі тазалықтан тұратын кішкентай көрермендердің жүрегінен орын алған тәрбие мектебі Мемлекеттік қуыршақ театры араға аздаған үзіліс салып, көрермендерін сахнадан қуантуға дайын. Өзінің даму жолында батыл тәжірибелері арқылы жаңа премьералар, қызықты айдарлар, тағылымды жобалар ұсынып жүрген театр ұжымы тағы да балаларға базарлық дайындауда

Ізгі қасиеттерге баулып, қайырымдылық пен мейірімділікке үндейтін театр репертуарындағы үздік қойылымдарды сахнадан тамашалау мүмкіндігі туғанын қуана хабарлаймыз. Мөлдір мекен ұсынар тағылымды, тәрбиелік мәні зор спектакльдер толассыз ақпарат пен ғаламтор торынан бір сәтте арылып, ғажайып пен жақсылық әлеміне жетелейді. Балалар қойылымдағы кейіпкерлермен кейде тілдесіп, кейде қиындықтардан шығуына көмектесіп, соңында жақсылық мекендеген мейірімді әлемді бірге құрады. Бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтіп, адалдыққа, еңбексүйгіштікке баулитын қуыршақ театрының қойылымдарынан қапы қалмаңыздар

Өнер ордасының басты мақсаты – балаларды театр әлеміне қызықтыра отырып, өнер арқылы өмірге үйрету болса, театр өз миссиясын орындауда тынбай еңбектеніп келеді. Оңтүстік астананың мәдени орталықтарын жаз мезгілінде көргісі келетін қала қонақтары үшін жаз мезгілінде де демалыссыз жұмыс жасайтын театр ұжымы жағымды жаңалықтарымен қуантуға дайын

Естеріңізге сала кетейік, әр көрерменіміздің қауіпсіздігін сақтау және вирустың таралуына жол бермеу мақсатында көрермендер театр ғимаратына «ASHYQ» мобильді қосымшасы арқылы кіргізіледі.

Бейбіт ӘЛКЕЕВА

"QAMSHY" Portal

Сілтеме: https://qamshy.kz/article/64308-quyrshaq-teatry-korermenmen-qauyshty