Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында Николай Гогольдің әйгілі «Шинель» повесінің желісімен «Шекпен» қойылымының тұсаукесері өтті. Аталмыш іс-шара көрермендерді де, театр сыншыларын да бейжай қалдырмады.
«Шекпен» қойылымы қуыршақ театры шығармашылығына жаңа серпіліс беріп, театр репертуарында өзіндік ерекше орнын қалыптастырды. Грузия елінен арнайы шақырылған білікті әрі белгілі режиссер Николоз Сабашвилидің жетекшілігімен сахналанған бұл туынды өзіндік өзгеше атмосферасымен, стилімен, терең философиялық ойларымен көрермендерді таңдандырды.
Қуыршақ театрының артистері де спектакль барысында аянбай еңбектеніп, қуыршақтарды және заттарды орынды ойнатып, командалық рухты сездіретін үйлесімді ансамбль көрсете білді. Басты рөлді орындаған дарынды артист Шохан Құлназаров басты кейіпкердің бейнесін жан-жақты әрі айқын ашып, зор қошеметке ие болды.