25 желтоқсанда Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға, сондай-ақ көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған Жаңа жылдық қайырымдылық акциясы өтті. Іс-шара аясында «Мульти Жаңа жыл» мерекелік бағдарламасы ұсынылып, кішкентай көрермендерге «Диззи» компаниясы ұсынған «Riksamin C Vitamin» сусындары сыйға тартылды.
Өз миссиясы мен ізгі дәстүрін жалғастыра отырып, Мемлекеттік қуыршақ театры биыл да Жаңа жыл қарсаңында жас көрермендерді «Мульти Жаңа жыл» атты жарқын мерекелік бағдарламасымен қуантты. Бағдарлама барысында балалар мультииәлемге саяхат жасап, Аяз ата, Ақшақар, Наруто, Пикачу, Стич, Кики сынды сүйікті кейіпкерлерімен кездесті. Жаңа жылдық бағдарлама интерактивті ойындардан, хороводтардан, көңілді билер мен әндерден, сондай-ақ көрермендерге ерекше тарту болған «Етік киген мысық» спектаклінен тұрды.
Жаңа жылдық іс-шаралар легінде 25 желтоқсан ерекше орын алды. Бұл күні ерекше білім беруді қажет ететін балаларға және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Кішкентай көрермендер мерекелік қуаныш пен ертегі әлеміне еніп, шаттыққа бөленді. Көптеген балалар үшін театрға келу тек ойын-сауық емес, шынайы сыйлыққа айналды – олар қамқорлық пен жылулықты сезінді.
Қайырымдылық акциясы «Зере», «Күміс ғасыр», «Аяла», «Сенім», «Ана тілегі», «Ерекше Таңдау Шелек» әлеуметтік орталықтары мен қорларының қолдауымен өтті. Іс-шара барысында балалар мерекелік бағдарламаны және спектакльді тамашалап қана қоймай, демеушілер ұсынған «Riksamin C Vitamin» сусындарына ие болды.
Театр директоры Алмат Амангелді: «Әрбір баланың өнер әлеміне жақындап, мерекелік көңіл күйді сезінуі біз үшін маңызды. Балаларға қуаныш пен жаңа жылдық шаттық сыйлай алғанымызға қуаныштымыз», – деп атап өтті.