Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театрында «Ер Төстік» ертегісі сахналанды

7 Шілде 2021

Оңтүстік астанамызда қала тұрғындары мен қонақтары, бүлдіршіндер мен ата-аналары үшін  тазалық пен әсемдіктің ордасына айналған мекеннің бірегейі – Мемлекеттік қуыршақ театры. Жылдар бойы қай елдің болмасын мәдениетін кемелдендіріп, өркениетін асқақтатып жатқан театр өнері саласы мәңгілік. 1935 жылы негізі қаланған Алматы қаласындағы еліміздің тұңғыш қуыршақ театры бүгінде өзінің тұрақты көрерменін қалыптастырған өнер ордасы. 86-шы маусымында да еліміздегі ахуалға қарамастан қарқынды жұмыс жасап жатқан театр ұжымы патша көңілді көрерменін жаңа қойылымдармен қауыштыру үрдісін жалғастыруда.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы аясында 6 шілде – Елорда күніне орай Қуыршақ театры әр бүлдіршіннің кішкентайынан сүйсіне оқыған «ЕР ТӨСТІК» халық ертегісін сахналап, қуыршақтар тілінде үн қатты. Поэтикалық драма жанрында сахналанған қойылымның негізгі идеясы – туған жерге, досқа деген адалдықты көрсету. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Қасымхан Бегманов ертегі желісінің негізінде қойылымға арнайы пьеса жазды. Спектакльдің режиссері – Еркебұлан Қабдыл. Суретшісі – Алтынай Жүсіпәлі, композиторлары – Аршын Жолдасхан, Бақберген Байшығаш, балетмейстер – Гүлжан Дәулетқұлова.

Пьеса авторының басты мақсаты – жас ұрпаққа ежелгі батырлықты, салт-дәстүрді, досқа адалдықты, қайсарлықты, ептілікті бүлдіршіндер санасына сіңіру. Бүгінгі интернет әлемі мен нарық жағадан алған заманда балаларды  ұлттық рухта тәрбиелеуге «Ер Төстіктей» қиял-ғажайып еретегісінің маңызы ерекше екені дау тудырмайды. Сондықтан да,  ұлттық кодымызды  балалар бойына дарытуға аталмыш пьесаның ролі зор.

Қойылым режиссері Еркебұлан Қабдыл: «Біздің ертегіміз кішкентай көрермендерге адам бойындағы мейірімділік, батылдық және әдептілік сынды қасиеттердің маңызды екенін дәріптейді. Достық пен әділеттілікке деген сенім балаларды нағыз патриот болуға көмектеседі. Бүгінде үйдегі кез-келген баламыз Бэтмен мен өрмекші адамды біледі, бірақ бізде американдық фильмдердің кейіпкерлерінен кем түспейтін және олардан асып түсетін өз кейіпкерлеріміз бар екенін ұғынуы тиіс» – дейді.

Театр ұжымы ағымдағы жылдың маусым айында екі бірдей халықаралық театр фестивальдеріне қатысып, лауреат атанғанын еске саламыз. Маусым айының 7-13 күндері аралығында Татарстан Республикасы, Қазан қаласында ұйымдастырылған «НАУРУЗ» түркі халықтарының театр фестивалінде «Мен бір жұмбақ адаммын… Абай» (реж.: А.Зайцев) спектаклімен онлайн форматта бақ сынаса, 22-30 маусым күндері аралығында Ресейдегі Халықаралық «КУКART» қуыршақ театр фестивалінде «Ромен мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) қойылымымен офлайн форматта өнер көрсетті. Бұл ұжым үшін зор жетістік. Фестиваль ұйымдастырушылары мен сарапшыларының шешімімен «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясын иеленді.

Қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасау үшін жаздай демалыссыз үздіксіз жұмыс жасайды. Өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін өнер ордасындағы қойылымдарды бірге тамашалауға шақырамыз!

 

Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ

"KzNews.kz" ақпараттық порталы

Сілтеме: https://kznews.kz/zhanalyqtar/quyrshaq-teatrynda-er-tostik-ertegisi-sahnalandy/