Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Шетелге қазақ қуыршақ өнерін танытады

22 Маусым 2021

Мемлекеттік қуыршақ театрының ұжымы жақында Санкт-Петербург қаласындағы «КУКART» Халықаралық қуыршақ театрлары фестиваліне қатысады.

Қуыршақ театрларының қара шаңырағы, Алматы қаласының мәдени-тарихи құндылықтарының бірі болған аталмыш театр шығармашылығы қарқынды даму үстінде. Діттеп отырған фестивальдің шымылдығы 22 маусым күні түрілсе, Алматы мәдениет басқармасына қарасты Мемлекеттік қуыршақ театры «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) спектаклімен 27 маусым күні Зазеркалье театрының сахнасында өнер көрсетеді.

Көрермендер мен сарапшылар назарына түрлі бағыттағы қойылымдар ұсынатын өнер додасы – 1993 жылдан бері өткізіліп келе жатқан қайырымдылық бағыттағы коммерциялық емес жалғыз фестиваль. Түрлі елдер мен халықтар арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Қытай, Германия, Сербия Эстония, Тыва, Қазақстан және Санкт-Петербург, Мәскеу қалаларының өнер ошақтары өз қойылымдарын ұсынады. Фестиваль аясында театрлық жобалар, арнайы спектакльдер сахналады. Әлем классикасының озық үлгісі «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д.Жұмабаева) спектаклі негізгі бағдарламаға еніп отыр.

«Ромео мен Джульетта» театр репертуарына 2019 жылдың 24 қаңтарында қосылған ересектерге арналған спектакльдерің бірі. 18 жастан жоғары көрермендерге арналған спектакль сұлулық пен тазалыққа табынудан, албырттығы жарасқан екі ғашықтың тағдыры арқылы әулет пен тобырдың бітпес дауын ашудан туындаған. Жарыққа шыққалы бірнеше Халықаралық театр фестивалінде бақ сынаған спектакль қуыршақ театрының жаңа бағыттағы батыл тәжірибесін көрсетіп келеді.

Қуыршақ театры бұған дейін 2019 жылы өткен аталмыш фестивальге Е.Ионовтың «Ана жүрегі» қойылымымен қатысып, «Үздік актерлік ансамбль» номинациясын қанжығаға байлаған болатын.

 

Айым Нұрман

"Almaty aqshamy" газеті порталы

Сілтеме: https://almaty-akshamy.kz/shetelge-қazaқ-қuirshaқ-өnerіn-tanitadi