Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

У.Шекспирдің «Макбет» трагедиясы қуыршақтар бейнесінде сахналанбақ

22 Ақпан 2021

Ағымдағы жылдың ақпан айының 22-24 күндері сағат 18:30-да көрермен  назарына Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» қойылымының премьерасын ұсынады. Аталмыш туынды елімізде тұңғыш рет қуыршақтар бейнесінде сахналануда.

Спектакльді халықаралық, республикалық фестивальдерде үздік атанып жүрген  режиссер  Дина Жұмабаева сахналанады. Суретшісі – Юлия Чернова, балетмейстері – Анна Цой, композиторы – Г.Юн. Басты кейіпкер Макбетті – Болат Момынжанов, Шохан Құлназаров, леди Макбетті – Жанар Мақашева, Арайлым Байырбекова сахналайды.

Бүгінде кішкентай бүлдіршіндерден тыс ересектерге арналған кешкі қойылымдарды да сахналап, жаңа форматқа көшкен өнер ордасы әлемнің классикалық туындыларын қуыршақтар бейнесінде сөйлетіп, ұлттық қуыршақ театры өнеріне жаңа тыныс сыйлауда. Бұған дейін сахна төрінде көрерменмен қауышып, республикалық, халықаралық фестивальдерде сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болып, қанжығасын жүлделі орындармен майлап жүрген «Ана жүрегі» (авт. Е.Ионов, реж. А.Зайцев), «Ана – Жер-Ана» (авт. Ш.Айтматов, реж. Д.Жұмабаева), «Медея» (авт. Еврипид, реж. А.Салбан), «Ромео мен Джульетта» (авт. У.Шекспир, реж. Д.Жұмабаева), «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» (инсценировка авт. Е.Локшина, реж. А.Зайцев), т.б. сынды ересектерге арналған қойылымдар өзінің тұрақты көрерменін тапқанын еске саламыз.