Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Рухани жаңғыру ұлттық мәдениеттен бастау алады

19 Қыркүйек 2017

Тарихқа үңілсеңіз, әр елдің кемел келешекке ұмтылу жолындағы ізденістері әртүрлі. Әлем  мойындаған, тарихи тамыры мықты, жасампаз ұлтқа айналу – сол  мемлекетті құраушы кез келген халықтың арман-тілегі. Осындай үлкен жауапкершілік, ұлы  мұраттар жолында  жаңа идеялар бой көтереді, ізденістер мен жаңаша мақсат-мүдделер тоғысады.

    Қазақстандай жас мемлекет үшін өркениетті елдердің қатарына қосылу, қосылып қана қоймай жаһандану процессінде көшбасшы елге айналу міндеті тұрды. 25 жылдық кезеңді артқа тастаған жас мемлекет өнер мен білімде, мәдениет пен әдебиетте, ғылым мен жаңа технологияларда, медицина мен спортта, саясат пен экономикада   үлкен ізденістерді басынан өткерді. Болашағы айқындала бастаған ел экономикалық жолын нақтылап, саясат пен руханият көкжиегін кеңейтіп, өнер-білімін өркендетті, медицинасын жаңартып, білім-білігін арттырды. Жаңа инновацияларға бет бұрып, озық технология тілін меңгерді. Барлық салада жасарып, жаңарған елдің  алдына енді өзге де мұраттар шықты. Танымалдығы ұлғайып, әлем елдерінің алдындағы беделі артқан Қазақстандай жас мемлекет үшін  енді халқының  ұлттық тұрғыда жаңғырып, жасампаз, жаңашыл елге айналуы керек-ті. Ел президенті Н.Назарбаев өз халқының дәл бүгінгі таңда сусап отырған осындай қажеттілігін тамыршыдай тап басты. Мемлекет басшысының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының  бүкілхалықтық қолдауға ие болуының сыры да осында. Жаңа тұрпатты Қазақстанға қажеті Елбасымыз айтқан «ұлттық код» еді.  Расында, ұлттық кодсыз рухани жаңғыру жоқ.  Президент Қазақстан халқына жыл сайын өзінің Жолдауын үндейді. Талай жылдардан келе жатқан бұл үрдіс Қазақстанның жолбастаушысы қызметін атқарды. Осындай нақты бағыт-бағдар жас мемлекетті экономикалық салада, әлеуметтік ортада,  саяси кеңістікте   үздік нәтижелерге жетеледі. Елді сауатты стратегиялық жоспарлармен алдыңғы қатарға шығару, саяси-экономикалық тұрғыда тұрақты елге айналдыру кез келген басшының қолынан келе бермейтін шаруа. Ендеше бұл мәселеде ел президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқы үшін еткен еңбегін, төккен терін сараптай беріңіз. Толағай табыс, биік абыроймен көшбасшылық сапқа іліккен мемлекет үшін енді жаңа көкжиектер көрінді.

    Ол әрине, ең алдымен, ұлттық идея, ұлттық код, рухани жаңғыру. Бұл дегеніңіз, Елбасы айқындап бергендей: «... ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыс­ты­рып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйле­сімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғыр­намасы». Латын графикасына көшу,  «100 кітап», «100 есім» идеяларның қолға алынып, іске асырыла бастауы да рухани жаңғырудың бастауы. Латын графикасы әу бастан қазаққа жат емес. Оның қолданысқа енуі үлкен жеңіс. «100 кітап» жаңа қаламгерлердің, жас қаламгерлердің қатарын көбейтеді, қазақ әдебиеті, мәдениеті мен ғылымының тынысын кеңейтеді. Ал, «100 есім» елдегі жаңа жұлдыздардың жарқырауына мүмкіндік. Ол жұлдыз әр саладан, әр өңірден жарқырайды. Яғни, бәсекеге қабілетті, талантты, идеяға бай, бойындағы жігері жалындап тұрған кез келген қазақстандыққа танымал болудың, ісін, идеясын алға ілгерлетудің жаңа мүмкіндігі.  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» адамзаттың рухани кемелденуіне арналған жоба.

    Елбасымыздың сарабдал саясаты ұлтты тағы бір мәрте марқайтты. Ұлттық идея қазақстандықтарды бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы секілді ұлы мұраттар жолында тоғыстырды. Ендігі жерде Қазақстан халқы «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыруға»  ұмтылады.

    Бәсекеге қабілеттілікті біз бұған дейін экономикалық тұрғыда озық болу, саяси тұрғыда алғыр болу өлшемімен таразылап келсек, енді бұл бәсекеге қабілеттілік таза адами факторлармен сараланатын кезеңге аяқ басты. Біз енді табиғи қазба байлықтарымызбен емес, интеллектуальдық қабілет қарымымызбен бәсекелесетін боламыз. Бұл «болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы»-деген сөз.

    Елбасы өз мақаласында баса айтқан  тағы бір мәселе, қазақ халқына ауадай қажет прагматизм.  «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады». Бұл мәселеде де білім алдыға шығады. Білім-білігі озық ұлт қана көшбасшыға айналады. Мейлі, ол мәдениет пен өнер-білімде болсын, мейлі, ол ғылымда болсын көкірегінде нұр, жүрегінде сәуле болмаса бәсекеге қабілетті болу қиынның қиыны.

    Рухани жаңғырудың Елбасы атап көрсеткен, Ұлттық бірегейлікті сақтау бөлімінде ұлт үшін қажет өте өзекті жайлар қамтылған. Өркениет көшіне ілесуді әр мемлекет әрқалай, өзінің ұлттық құндылықтарына қарай лайықтап алады. Бүкіл ізгілік әлем халықтарына ортақ, жер шарын мекендейтін бүкіл ел тарих бетінде ең әдемі естеліктермен, ең ізгі істерімен қалғысы келеді. Ол бірақ біреудің қолынан келеді, ал, енді бір ұлт шынайы өмірге әділетті қарау теориясынан ауытқиды. «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мей­лін­ше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.

    Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек»-дейді Мемлекет басшысы. Ұлттық мәдениет қай кезеңде де рухани жаңғырудың бастауы болған. Ол үрдісінен болашақта да айнымайтынын аталмыш мақалада Елбасымыздың өзі тайға таңба басқандай қып көрсетіп берді. Біздің мәдениет саламыз бүгінгі таңда қайта түледі. Театрлар өзінің көрерменіне жол таба білудің бүкіл тетіктерін меңгерді. Жаңа инновациялық жобалар, тың идеялар мен жас актер, режиссерлардың жаңа толқыны өнер ошақтарына өзіндік көзқарас, өзіндік қолтаңба әкелді. Өнерде шекара жоқтығын халықаралық өнер сахналарына жиі жол тарта бастаған шығармашылық ұжымдар дәлелдеп жүр. Қазақтың ұлттық театрлары, дәстүрлі ән-жыры, төл мәдени мұралары әлем елдерін тамсандыра бастады. Қазақ қашанда өзінің ұлттық өнерімен ұлық. Ендеше, бұл жолдағы ізденіс пен жаңа шығармашылық көкжиектер қазақ халқының мәртебесін әркез асқақтата беретіні анық.  

    Елбасымыз атап айтқандай, «табыстың кілті – білімде».  Қай кезеңде болсын, қай салада болсын, біз «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатар­ында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жететінін» түсінетін уақыт келді. Бүгінгі байлық, бүгінгі мақтан тек қана білімнің, білімдінің айналасында салтанат құрады.

Талғат Есеналиев, Алматы Қуыршақ театрының директоры,

мәдениет қайраткері

 

Толығырақ: https://egemen.kz/article/158468-rukhani-zhanhghyru-ulttyq-madenietten-bastau-alady