Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақтардың топ жаруы

20 Қаңтар 2021

 

«Халықаралық театр сыншылары бірлестігі» – «International Union of Theatre Critics» – еліміздің және шет елдің белгілі кәсіби театртанушы мамандарының басын біріктіретін алаң.

Өткен жылы негізі қаланған бірлестік Қазақстан театрларының өткен жылғы жұмысына кәсіби баға берді. Соған орай, еліміздегі Ұлттық, академиялық, мемлекеттік облыстық, қалалық мәртебесін иеленген 60-қа жуық республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі драма, музыкалық драма, комедия және қуыршақ театрларының ішінен Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры бірқатар  аталымдар бойынша үздік атанды. «Балаларға арналған үздік қойылым – «Үйшік» спектаклі, «БАҚ-пен жұмыс жасаған үздік театр», «Онлайн форматтағы ең белсенді театр» номинациялары аталған театрдың еншісіне бұйырды. Сондай-ақ, театрдың талантты режиссері Антон Зайцев республика бойынша режиссерлердің үздік бестігіне кірді.

Халықаралық театр сыншылары бірлестігі еліміздің театрларында болып жатқан шығармашылық процесс, оның дамуы мен бағыт-бағдары, репертуарын жасаудағы ұстанған саясаты, көрерменнің қойылымға келуі мен қабылдауы сынды мәселелерге баса назар аударған.

Айта кетерлігі, 2019 жылғы дәл осындай сараптау нәтижесі бойынша Мемлекеттік қуыршақ театры «БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театр», «Балаларға арналған үздік қойылым» номинациялары бойынша да үздік деп танылып, кәсіби мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болған еді.

«Ұлттың рухани қажеттілігін өтеп, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнер арқылы шынайы көрсете білуді мақсат тұтқан Мемлекеттік қуыршақ театрының бағыты мен бағдарының дұрыс екенін осындай жеңістерден аңғаруға болады», – дейді театр әкімшілігі.

Әсел ДАҒЖАН