Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Толқын Тлеулиеува: "Арманыма деген адалдығым адастырмады"

9 Наурыз 2022

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Сахна өнерінің көркемдік қуаты, сезімдік сипатын қасиетті қара сөзбен ұштастырып, талантымен шыңдап көрермен жанына жеткізетін өзгеше әлем иесі.

 

Шаңырағын шаттыққа кенелтіп, отбасының шамшырағына айналған аяулы жан. Сан қырлы сиқырлы сыр мен жұмбаққа толы күрделі өнер мекені – Алматы Мемлекеттік қуыршақ театр сахнасында табаны күректей он жеті жылдан астам уақыт бойы періште жүректі көрермендер көңіліне қуаныш сыйлап жүрген актриса Тлеулиева Толқын Орынбайқызы мереке қарсаңында ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берді.

 

- Сәлеметсіз бе, алғашқы сұрағымды сіз үшін аты алтын әріптермен жазылатын қасиетті туған өлкеңізден бастағым келіп отыр. Сырлы сахна өнеріне келуіңізге туған жеріңіздің, өскен ортаңыздың әсері болды ма?

 

Қайырлы күн! Мен талай таланттар мен өрелі тұлғалар табаны тиген қасиетті Сыр өңірінде дүние есігін аштым. «Туған жердің торғайы – тұрымтайдай көрінер» деген керемет сөз бар. Мен үшін де туған жерімнің әр тасы қымбат қазына іспеттес шабыт мекені болды десем артық айтпаймын. Әрине, өнерге жаны құмар жан үшін өскен өлкенің тасы да ән, тағысы да әсем емес пе? Жастайымнан халық сүйіктілеріне айналған күміс көмей әнші Мадина Ералиеваның ән шырқауына іштей сүйсіне әнші болғым келсе, Құдайберген Сұлтанбаев ағамыздың таңғажайып талантына, әр рөлге деген ерекше қабілетіне қызыға артист болуды армандайтынмын. Сол кісілердің өнеріне тамсана жүріп, жұмбақ мамандықтың мақсатыма айналғанын байқамай қалыппын. Мектеп бітіргеннен кейін әкем менің ұстаз болуымды қалап, педагогикалық мамандыққа құжат өткізуімді талап етті. Бір үйдің жалғыз қызы атанып, табиғатымнан ерке мінезді, қайсар, турашыл мінезіме салып, жаным қаламаған оқу орнынан құжаттарымды қайтып алып әкеме: «Өнер жолына түсуге рұқсат бермесеңіз, басқа мамандықта оқығанымның құны бір тиын. Оданда күйеуге шығамын» деп талап қойғаным бар.

Көңілімнің шынайы қалауына көзі жеткен әкем ақыры рұқсатын беріп, 1997 жылы ару қала Алматығы аттандырды. Өзім қалаған жоғарғы оқу орнына құжат қабылдау мерзімі өтіп кеткен себепті, колледждің ақылы «Қуыршақ театр артисі» мамандығына құжат тапсыруыма тура келді. Арманға деген адалдық мені адастырмады. Осы бір таңдауым өмірлік азығыма айналды. Өнерге деген махаббатым мен ерекше талпынысымды байқаған ұстазым Серік Мақұлбеков бір жыл ақылы оқудан кейін академия қабырғасына тегін оқуыма себепкер болып сүйікті мамандығымның иесі атандым

 

- Ұзақ жылдардан бері көрермен көзайымына айналған түрлі образ жасап келесіз. Солардың ішінде «Ана жүрегі» қойылымындағы сіз сомдаған ана бейнесі көрерменнің ерекше есінде қалған ұмытылмас кейіпкерге айналды. Аталмыш рөл туралы кеңінен баяндап берсеңіз

 

- Артист ретінде терең тақырыптар мен бөлек образдарды ашу өнер адамының басты мақсаты деп ойлаймын. Соңғы жылдары директорлық қызмет атқарған Талғат Қамқабайұлының бастамасымен театр репертуары ересектер мен жасөспірімдерге арналған қойылымдармен толыққан болатын. Соның бірі мен үшін артистік қырым мен ішкі қабілеттерімнің ашылуына себепкер болған психологиялық, физикалық тұрғыдан күрделі «Ана жүрегі» қойылымындағы ана бейнесі болды.

Қойылым режиссері Антон Зайцев жастығына қарамастан қазіргі театр кеңістігінде креативті шешімдерімен көзге түсіп жүрген үздік мамандардың бірі. Менің болмысым мен табиғи ұяңдығымның қойылым кейіпкерімен ішкі үндестігін байқаған Антон алғашқы сенімсіздіктер мен күдіктерден арылуыма көмектесіп, аталмыш рөлді сеніп тапсырды. Психологиялық тұрғыда ұзақ жұмысты қажет ететін рөл болғандықтан алғашында маған ауырлықты алып жүру қиын болды. Дегенмен, артист үшін көрермен қошеметі мен ықыласынан артық сый мен құрмет жоқ. Қойылым соңындағы қошемет менің барлық ішкі арпалыстарыма нүкте қойды. Ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты өзек еткен қойылым жас жеткіншектерге өте үлкен әсерін тигізді. Қойылымнан кейінгі балалардың аналарына хабарласып, кешірім сұрауына куә болғанда театр мен артисттің негізгі миссиясы – көрерменіне рухани азық сыйлау, сана биіктігіне әсер ету екендігіне қуана көз жеткіздік. Ана ретінде қойылымнан кейінгі өзімнің баламның маған деген ықыласын көріп, түсіну маған сөз жетпес бақыт сыйлады.

 

- Нәзік жандар үшін көп жағдайда театр өмірі мен отбасын қатар алып жүру қиынға соғып жатады. Өнерге сарқылмас күш пен жігер қажет болса, отбасының берекесі мен бақыты үшін де төзім мен табандылық қажет. Өнер әлеміндегі орныңыз баршаға аян. Ал, өмірде қандай анасыз? Әйел адам ретіндегі орныңыз қандай ?

 

- Өнер жолы расында қызығы мен қиындығы, күйініші мен сүйініші қатар қабысқан күрделі жол. Сахна өзің үшін ғана емес сен арқылы өнер туралы ой өрбітетін көрермен үшін де жауапкершілік артатын қасиетті орын. Ол - жасандылықты кешірмейді. Сондықтан шынайы өмір мен сахна өмірі мен үшін біртұтас дүние. Екеуін ешқашан бөліп жарып қараған емеспін. Дей тұрғанмен, отбасының берекесі үшін кейде өнер кеңістігіңдегі орныңды екінші кезекке ысырып қоюға мәжбүр болатын да сәттер кездеседі. Біз мереке күндері де көрермендерге қойылымдар ұсынамыз. Бірде қызым: «Анашым, басқа балалар секілді мереке күндері неге біз отбасымызбен серуендемейміз?» деді. Оның қалауын жақсы түсініп тұрғаныммен, орындай алмай қалатын кездерім санама оралды. Қызымның осы бір сауалы әлі күнге дейін құлағымда қалып қойды. Театрда қандай адам болсам, өмірде де сондай адаммын. Өнерде қандай ана болсам, өмірде де сондай анамын деп есептеймін.

 

- «Театр – өнерді сүйетіндерге ғана емес, өмірді сүйетіндер үшін арналған» деген қанатты сөз бар. Сіз үшін театр – өнер ме, өмір ме ?

 

- Мен үшін театр – өнер де өмір де...

 

- Өнерге талант керек пе, талғам керек пе ?

 

- Талантың болмаса талғамның күші жоқпен тең. Өнерге шынайы, бұлақтай таза талант, мөлдір махаббат керек.

 

- Түрлі рөлдер сомдап, көптеген қуыршақтарға жан бітіріп жүрген тәжірибелі артист ретінде кейінгі жастарға айтар ұстаздық ақылыңыз ?

 

- Өнерге сарқылмас күш пен қажымас жігер ауадай қажет. Әрбір рөлге деген сүйіспеншілік, оны жоғары деңгейде шығаруға деген талап пен еселі еңбек ең маңызды алғышарттар. Мақсат қою және оған жете білу, өзіңді шыңдау, қорқынышты жеңу, биікке ұмтылу – басты қағида. Сенім, жігер, күш алдыңғы орынға қойылса, алынбайтын қамал жоқ. Жастарға тілерім тек сәттілік! Мен жастарға сенемін!

 

- Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбат алушы: Алма Мұқанова

«Kazinform.kz» порталы

Сілтеме: https://www.kazinform.kz/kz/armanyma-degen-adaldygym-adastyrmady-aktrisa_a3907961