Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Ерлікті дәріптейтін «Ер Төстік»

12 Шілде 2021

Қазақ әдебиетінде ертегі жанрының орны ерекше. Жасөспірімнің қиялын оятып, оның адам болып қалыптасуы мен дүниетанымының дамуына ықпалы зор «Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ай астындағы Айбарша сұлу», «Ер Төстік», «Алтын сақа», т.б. оқиғасы халықтық нақышта баяндалатын ертегілер отансүйгіштікті, адамның бас бостандығын, қаһармандықты, батырлық пен ерлікті насихаттауымен құнды. Мұндай шығармалардың өнердің әр саласында: кино, анимация, кескіндеме, музыка, театр, т.б. көрініс табуы бүтін бір ұлттың рухани мұрасын құрайтыны белгілі.

Осы жылы 6 шілдеде «Ер Төстік» қиял-ғажайып ертегісінің же­лісінде бел­гілі ақын Қасымхан Бегманов жаз­ған 1 бөлімді 3 көріністі поэтикалық драма­­ның Алматы қалалық Мемлекеттік қуыр­шақ театрында көрсетілуі жасөспірім көрер­мен үшін тәрбиелік мазмұны басым болды деп айта аламыз.

Негізінен ертегінің түпнұсқасын­да жұт кезінде сегіз ұлынан ажырап қал­­ған Ерназар мен оның кемпірінің ша­ңырағында нәрестенің дүниеге келуінен басталған шытырман оқиғалар бірінен-бірі туындап отырады. Ер Төстіктің жылдам ер жетуі, оның жоғалған аға­ларын іздеп ұзақ сапарға аттануы, сол жол­да көрген қиыншылықтары мен батыр­лық әрекеттері, ағаларын тауып әке­ліп, олардың жеке-жеке отау құруы, келін­дерін алып келе жатқан жолда Ерна­зардың мыстан кемпірмен жолығуы, т.б. Негізінен Төстіктің бойындағы ба­тыр­лық қасиеттің, оның ақылдылығы мен айлалығының, қаһармандық-ерлік істерінің көрінуі осы мыстан кемпірмен тікелей байланысты. Бұдан әрі ертегінің оқиғасы күрделене береді.

Ал автор мұндай көріністерді біршама қысқартып, пьесаға Төстіктің ағаларын табу желісін ғана алып, оқиғаны қызықты өрбіткен. Драмада әкесі Ерназардан өзінің сегіз ағасы бар екендігі туралы шындықты біліп алған Төстік Шалқұйрық атқа отырып, оларды іздеп кетеді. Кеще ханның қолында құлдықта жүрген аға­ларын құтқаруға шыққанын естіген Сақ­құлақ, Желаяқ, Шапшаң, Қырағы, Таусоғар, Көлтаусар Төстікпен достасып, жыландар патшасының мекенін іздеуге бірге аттанады. Әрі қарай жолда тіл бітіп, батырдың сенімді серігіне айналған тұлпарының айтуымен басты қаһарман Мыстан кемпірді алдап соғып, жер астына түседі. Сөйтіп, Кеще хан мен Мыстан ойластырған барлық өнер сайыстарынан озып шыққан Ер Төстік пен оның достары жауларын жеңіп шығады. Осындай желіге негізделген пьесаның басты идея­сы батырлықты, досқа адалдықты, қай­сарлықты, ептілікті бүгінгі жас бүл­діршіндердің санасына сіңіру, сол ар­қылы ұлттық кодымызды жастардың бо­йына дарыту болып табылады.

 Режиссер Еркебұлан Қабдыл пьесаның осы идеясын дөп басып, қойылымның құрылымын балалардың қабылдауына қарай бағыттаған. Спектакль прологінде сазгерлер А.Жолдасхан мен Б.Байшығаш шығарған күйдің әуені мен жаршы­ның даусы сахна сыртынан естіледі. Сах­на түкпіріндегі кермеден (ширма) тіз­бектеліп өтіп жатқан керуендер де ерте замандағы бабалардың өмір салтынан хабар беріп, спектакль оқиғасына бірден қызықтырып әкетеді.

Планшетті қуыршаққа тән әрекет ету­дің басты талаптарын қатаң сақтаған режиссер кейіпкерлердің өзіндік тәр­тіппен орналасуына бағынатын қызықты мизан­сценалар таба білген. Айталық, Ер Төстіктің ағаларын іздеп шыққан ал­ғашқы сахналарының біріндегі жар­шылардың сөзі, сахна төріндегі кермеден көрінетін батырдың атпен шабуы және «Hassak-Құрманғазы» күйінің дүбірлі үні драманың құрылымдық маз­мұнына сай келген. Бұл көрініс ал­дағы жойқын оқиғаның боларын бай­қатады. Спектакльде әрбір қазақтың де­лебесін қоздыратын ұлттық ойынның бірі бәйге кезіндегі Шалқұйрықтың қар­қынды шабысына екпін берілген. Тек­ті жануардың өзге жылқы атаулыны шаңына ілестірмеуі, осы көріністің күмбірлеген күйдің көркем үнімен астасуы спектакльдегі халықтық болмысты айқын көрсеткен сахна болды.

Жалпы спектакльдегі шытырман оқи­ғалар сахналық параллельдікте ойна­лып отырады. Яғни сахнаның күң­гірт тартқан төріндегі кермеде Ер Төстік­тің сар далада Шалқұйрықпен ша­уып келе жатқан көрінісі, сондай-ақ Мыс­танның батырды қууы сияқты басқа да әрекеттер берілсе, өзінің межелі же­ріне жеткендегі қимыл-қозғалыстар аван­сценадағы тау-жоталардың үстінде (немесе қасында) орындалады. Негізінен шығарманы балаларға арналған қойы­лымдарда аса байқала бермейтін тосын шешімдерімен және өзгеше формамен өрнектеген режиссердің тұжырымы бо­йынша Ер Төстік пен оның жүйрік аты Шалқұйрықтың екі қуыршақ бейнесі бар. Бірі – сол керменің үстіндегі алыстан кіш­кентай қалыпта көрінетін түр-сипаты, ал екіншісі – көрерменнің көз алдында, яғни авансценаға жақын орналасқан тау-жотаның үстінде әрекет ететін үлкен бейнесі. Мұны да режиссердің тапқыр шешімі дейміз. Жалпы аталған керме ұлы дала төсінде болып жатқан оқиғаларды алыстан көрсету үшін қолданылған.

Поэтикалық драмадағы Саққұлақ, Таусоғар, Көлтауысар, Шапшаң, Жел­аяқ, Қырағы сынды кейіпкерлер бірін­шіден – адамдар арасындағы достықты меңзесе, екіншіден – басты қаһарман­ның жетістікке, жеңіске жету жолында­ғы көмекші кейіпкерлер ретінде алын­ған. Ал зұлымдық иелері Кеще хан мен Мыстан кемпірдің, жыландар мен айда­­һарлардың кескінінен, айтқан сөз­дері мен іс-әрекеттерінен қатыгездікті, жауыздықты байқаймыз. Осындай екі жақты мінездегі бейнелердің арасындағы тартыс оқиға желісі дамыған сайын күр­делене түседі.

Сахнаның артқы және алдыңғы планында, авансценада өнер көрсетіп жүрген актерлер мен қуыршақтар іс-қимылда­ры өте қисынды, әрекет пен эмоцияға толы. Бұл жерден біз жансыз қуыршақ­қа жан бітіріп, Төстіктің батырлығы ар­қылы халықтың мұң-мұқтажын баян­даған рөл орындаушылардың шығар­ма­шылық жарқын ізденісіне куә болдық. Мәселен, бірде жаршының, енді бір­де Шалқұйрықтың рөлін орындап, сах­н­алық әрекетін сол кейіпкерлерінің шы­ғармадағы әлеуметтік орнына, мінез-келбетіне қарай бағыттай білген Арайлым Байырбекова даусы мен іс-қимылын болып жатқан әрбір оқиғаның мәні мен мағынасына қарай құбылтып, өзгертіп отырады. Шалқұйрықтың достыққа адал­дығы мен мейірімділігін актрисаның үнінен байқаймыз.

Сол сияқты бір орында тағат тауып тұра алмайтын Желаяқты кескіндеген Бақытжан Қаюовтың ойыны да аса на­нымдылығымен есте қалды. Режиссер Е.Қабдыл мен суретші А.Жүсіпәлі үнемі көңілді жүретін комедиялық кейіпкердің мінезіне және әлеуметтік орнына сай аяғына қызыл етік кигізіпті. Кей сәттерде қолдары мен аяқтары екі орындаушының көмегімен қозғалатын Желаяқ көрерменін пантомималық әрекеттерімен баурап алады. Режиссер трактовкасын тура ұққан актер бұл кейіпкердің аяғына көп мағына сиғыза алған. Яғни Желаяқтың қас пен көздің арасында оқтай зуылдай жөнелетін қасиеті осы аяқтарының арқасы екенін бейнелі бедерлеген.

Сондай-ақ Мыстан рөліндегі тәжі­ри­белі актриса Толқын Тлеулиеваның ойы­нын ерекше атап өткен абзал. Бар­лық ертегілерде зұлымдығына найза бой­­ламайтын бұл кейіпкер даусының жа­­ғымсыз болатыны белгілі. Актриса оның қатыгездігіне, залымдығына сай дауысын қырылдатып, тісін ақситып, ер­тегілерде жауыз, қатыгез деп саналатын кейіпкердің болмысын тура мағынасын­да ашып берді. Орындаушы тұрса отыра алмайтын, отырса тұра алмайтын Мыс­танның кейіпсіз ұсқынына қоса кемпірдің айласына құрық бойламайтын қулығын да шынайылықпен көрсетті. Бұл қуыршақ Мыстанның басын қалт-құлт еткен қозғалысынан, дірілдеген үзік-үзік сөздерінен аңғарылып тұрады. Актрисаның қуыршақты қимылдатуы, оны көз ілеспес жылдамдықпен ойнатуы Мыстан бейнесін әр қырынан ашып отырды. Осы тұста айта кетерлігі, Ер Төстіктің Шалқұйрықтың ақылымен Мыстанды алдап, оның мойнына іліп алған жерасты қақпасының кілтін алып қашу көрінісін­де сенімсіздік бар. Яғни батырдың мыс­таннан сол кілтті жұлып әкететін сәті түсініксіз болып қалған. Ер Төстіктің не­ні алғаны, қалай алғаны байқалмайды. Демек, бұл көріністі алдағы уақытта қай­та қарап, нақтылай түсу қажет.

Жалпы рөл орындаушылардың бар­лығы да өз кейіпкерлерінің өмір-тағ­ды­рынан сыр шерткендей күйді поэ­тика­лық драмадағы әрбір сөздің поэ­зиялық мә­нінен, әрбір сөздің айтылу мәне­рі­нен таба білген. Ерназар рөліндегі Алтай Тәуекеловтің дауыс құбылуынан көп­ші­лік елге төнген қатерден хабардар бол­са, Төстікті бейнелеген Шоқан Құл­наза­ров­тың үнінен кек алу жолына түскен жас ба­тырдың аңғалдығы, өкініші мен қайтпас қайсарлығы қатар байқалып тұрады.

Әрине, осындай ерлікті насихаттай­тын шығармадағы Е.Қабдылдың режис­серлік шешімінде бүгінгі қазақ қоға­мы­ның әлеуметтік мәселесін көрсету де жоқ емес. Қойылымның соңындағы Ер Төс­тіктің айдаһарға айналған Кеще хан­ды жеңуінен ел мен жерді қорғау мә­се­лесі байқалады. Бүлдіршіндер қазақ ұғы­­мында биіктікті, асқақтықты біл­ді­ретін, ынтымақты насихаттайтын Са­мұ­рық құстың да достығына, барлық жа­­ғымды кейіпкерлерді жердің бетіне алып шыққан оның адалдығына куә бо­лады. Сол сияқты жер астын мекен ет­­кен жыландардың бейнесі олардың ире­леңдеп қимылдауына ыңғайлы, жұм­­сақ матадан жасалыпты. Олардың Төс­тіктің жан-жағынан ысылдап шығуы, батырдың денесіне оралуы, шағатындай айбаттануы нағыз зұлымдық мекен ет­кен орданың атмосферасын береді. Ак­терлердің сол жер бауырлаушылар­­ды сыммен қимылдатқан қозғалыстары спек­такльдегі тартысты тереңдетуге мүм­кіндік туғызған.

Режиссер мен суретші шығармада­ғы аталған кейіпкерлердің қуыршақ бейне­сін, түр-сипатын олардың мінездеріне, ертегідегі атқаратын қызметіне қарай келісті жасаған. Мысалы, бірнеше шақы­рым жердегіні жылдам естіп қоятын Сақ­құлақтың қалқан құлақтары көзге бір­ден түседі. Ал қос ұрты томпайып тұра­тын Көл­тауысардың қарнына теңіздер мен көлдер суы сиып кететіндей үлкен. Сол сияқты Шапшаңның қолдары, ал Жел­аяқтың аяқтары ұзын, олар қандай қиын істі болса да тез орындайтын қасиетке ие. Ал жер астындағы жылан­дар патшалығының ханы Кещенің де­несі адам болғанымен аяғы жылан кү­йінде беріледі. Бұл қуыршақ та оның шы­ғармадағы орнына сай жасалыпты. Мұн­дай қуыршақтар әрине балалардың көзкөрім (визуалды) түрде қабылдауына жеңіл әрі олардың тапқырлығын, дос­тыққа адалдығын есте сақтауына жеңіл­дік тудырады. Авансценаға жақын орна­ласқан тау-жоталардың ұлттық ою-өр­нек­термен бедерленуі де қисынды. Қуыр­шақ-Төстік сәби кезінде жеңіл жейде, қамзол, шалбар киіп, басына орамал байласа, кейіннен жігіт болып ер жетіп, батыр атанған соң қазақ батырларына тән басына дулыға, үстіне сауыт киіп, беліне қылыш асынған. Мұның да режиссер ұстанған ұлттық нақыш пен халықтық бояуды насихаттап тұрғаны анық.

 

Зухра ИСЛАМБАЕВА,

өнертану кандидаты, доцент

"Egemen Qazaqstan" газеті

Сілтемесі: https://egemen.kz/article/281389-erlikti-daripteytin-er-tostik