Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Қуыршақ театры баланы ересек шаққа қалай дайындайды?

19 Сәуір 2021

– Алмат, көпшілік қуыршақ театры тек балаларға арналған деп түсінеді, содан болар, зиялы қауым өкілінің өзі театр репертуарындағы ересектер көретін қойылымдарды сынап жатады. Мұндай пікірге не айтасыз?

– Репертуардың бәрін көркемдік кеңес талқылап, бекітеді. Бұл кеңеске директордан бастап көркемдік жетекші мен тәжірибесі мол актерларға дейін кіреді. Олар қандай спектакль керек немесе қай қойылым актуал болмай бара жатыр деген мәселені шешіп отырады.

2016 жылы театр директоры Талғат Есенәлиев екеуіміз қызметке бір уақытта келдік деп айтуға болады. Сол кезде театр рейтингі өте төмен болды. Мұнда тек орыстілді көрермен отырады, қазақша қойылымдар да, оған келетіндер де жоқтың қасы еді. “Бұл олқылықты қалай түзейміз”, “Келушілер санын қайткенде көбейтеміз?” деп ойландық. Сөйтіп ең әуелі “Қуыршақ театры балалар мен жасөспірімдерге арналған” деген стереотипті бұзуға тырыстық. Ересектерге арналған қойылымдарды қоя бастадық. Өйткені еш жерде “Қуыршақ театрында тек балалар мен жасөспірімдерге арналған спектакль қойылуы керек” деген заң жоқ. Қазір біздің ұжым барлық жастағы көрерменді, барлық жанрдағы қойылымды қамтып отыр, бірақ қойылымдарымызға міндетті түрде қуыршақ қатысады. Осының арқасында көрермен көбейді. Біздің ұжымның экспериментінен соң қазіргі уақытта өңірлердегі қуыршақ театрлары да осындай бағытқа көшіп жатыр.

– Ересектерге арналған қандай қойылымдарды ерекше атар едіңіз?

– Биыл ақпан айында Уильям Шекспирдің пьесасына жазылған “Макбет. Иллюзия” трагедиясының премьерасы өтті. Елімізде тұңғыш рет қуыршақтар бейнесінде қойылған бұл шығарма 18 жастан асқан ересектерге арналған. Спектакль оқиғасы бойынша батыл әрі жаны асыл адам Макбет бір перзентке зар болады. Сәби сүю үшін өзінің қалай зұлымға айналып кеткенін білмей қалады. Иллюзиялық сана дағдарысына ұшырайды. Бала болады деген соқыр үмітке сеніп, қолын қанға бояйды. Бірақ балалы болу Жаратушының ғана қалауына қатысты құбылыс екенін ұмытып кетеді. Қойылым адамзатқа ортақ мәселені бір отбасы тағдырымен суреттейді.

Ал Уильям Шекспирдің “Ромео және Джульеттасы” 18 жастан асқан көрермен үшін қойылады. Мұнда махаббатты, өшпенділікті, сағыныш пен батылдықты қуыршақ кейіпкерлері бейнесінде көруге болады. Қойылым махаббат бар жерде машақат бар екенін түсіндіреді. Өйткені әулет пен тобырдың кесірінен қаншама махаббат құрбан болды.

Шыңғыс Айтматовтың туғанына 90 жыл толуына орай жазушының “Құс жолы” повесі желісі бойынша “Ана – Жер ана” трагедиясын қойдық. Мұнда соғыс жылдары суреттеледі, ел басына түскен ауыртпалық бір отбасы тағдыры арқылы көрсетіледі. Бұл трагедия кейіпкерлері де тұңғыш рет қуыршақ бейнесінде көрерменге жол тартып, үн қатты. Төрт бірдей азаматын Жер қойнына тапсырған Толғанай бейнесі көрерменді төзімділікке, сабырлық пен қайсарлыққа шақырады.

Ересектерге арналған “Медея” деген қойылым бар. Медея – махаббат үшін Отаны мен жанұясын құрбан етіп, басын қатерге тіккен кейіпкер. Ол ғашығы Ясоннан да дәл осындай сезім күтті. Махаббаты үшін қаншама қиындықты бастан өткереді. Ал сүйіктісі Ясон Коринф елінің ханшайымына үйленгелі жатқанын айтады. Күйеуі “балаларымның болашағы үшін” деп ақталады, бірақ Медея Ясонның байлық пен билікке ұмтылғанын аңғарып, кек алуға бекінеді.

– Мәдениет нысанына келетін бала ойын-сауықтан өзге не алады?

– Ертегі әлеміне жаны құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам қуыршақ театрына келуге асығады. Тағы да айтамын, мұнда келетіндердің жасына шектеу жоқ. Әр қойылым көрерменді ерекше көңіл күйге бөлейді. Қуыршақ театры – баланы ересек өмірге дайындайтын орын. Бала кішкентайынан бізге келсе, қойылымдарымызды тамашаласа, кейін Әуезов, Мүсірепов сияқты театрларға барады, мәдениет орындарына деген қызығушылығы қалыптасады.

– Коронавирус пандемиясы қуыршақ театры жұмысына қалай әсер етіп отыр?

– 2016 жылдан бастап 2019 жылға дейін қарқынды дамыдық. Көп спектакль қойдық, халықаралық фестивальдерге қатыстық. Былтыр дүниежүзін жайлаған коронавирус пандемиясы Қазақстанға да жетіп, театр жұмысы онлайнға ауысты. Бұл инфекция театр қызметіне көп кесірін тигізді, қазір де тоқтап тұр. Осыған дейін бір ашылдық, бір жабылдық, бірақ соған қарамастан адал көрермендеріміз жетерлік. Бас мемлекеттік санитар дәрігердің мәдениет нысандарының қызметіне рұқсат ету туралы қаулысы қалай шығады, тұрақты көрермендеріміз солай хабарласа бастайды, іздей бастайды. Алайда рұқсат етілгеннің өзінде осы күнге дейін толық ашылған жоқ, залдың тек 30%-ін толтыруға болады.

Коронавирус пандемиясы кезінде де жұмысымыз, дайындығымыз бір тоқтаған емес. Қазіргі уақытта шығармашылық құрам қашықтан жұмыс істеп жатыр, артистер спектакльдерге күнделікті онлайн дайындалады. Пандемия кезінде көрермендерімізді жоғалтып алмау үшін тікелей эфирлер жүргізіп, әртүрлі айдар аштық. Мысалы, былтыр 65 рет тікелей эфирге шығыппыз. “Қуыршақты сағынған құлыншақ” деген айдарымыз болды. Мұнда мектеп оқушылары театрды қалай сағынғанын, қашан ашылатынымызды сұрап, сәлемдеме жолдайды.

“Қуыршақ жүргізу шеберлігі” үйірмесі бар. Бұл Alatau Creative Hub орталығында өтті. Театр актерлеры бүлдіршіндерге мастер-класс өткізіп, театр туралы мәлімет беріп, көңілін көтереді.

Карантин кезінде барлығы үйде отырғанда тікелей эфир арқылы таңғы жаттығулар жасадық. Осылайша, күнделікті салауатты өмір салтын насихаттадық. “Көрерменге кеңес” деген айдар арқылы келушілерге театрдағы этика туралы түсіндірдік. Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мерейтойында ақынның өлеңдерін, қара сөздерін оқып, мәні мен мағынасын ашып беруге тырыстық. “Тарихқа айналған тұлғалар” айдарында 85 жылдық тарихы бар қуыршақ театры артистерін, олардың өмірі мен шығармашылығын баяндадық.

Театр репертуарында спектакльдер көп, бірақ соның ішінде айналымда жүрген 40 қойылым бар. “Театр репертуарына саяхат” деген айдар арқылы қойылымдар туралы айттық. Артистер еңбегі көп жағдайда елеусіз қалып жатады ғой. Қашықтан жұмыс істеуге көшкенде “Артист келбеті” деген айдар ашып, әр апта сайын актерларды таныстырып отырдық.

– Театрда коммерциялық қойылымдар қойыла ма?

– Былтыр Латвия Республикасы елшілігінен, сосын бизнесмендерден бір-екі ұсыныс болды. Келеді, сөйлесеміз, сметасын ұсынамыз, бірақ театр сахнасында нақты қойылған спектакль жоқ. Ал негізінен жыл сайын Алматы мәдениет басқармасы мемлекеттік тапсырыс бойынша бірнеше спектакль бөледі.

– Қуыршақ театры қандай қолдауға зәру болып отыр?

– Қазір интернеттің, жаңа технологияның заманы ғой. Спектакльдерімізді 3D форматына толық көшіріп, бұл қызметті сату арқылы да ақша табуға болады. Осындай ұсынысты бірнеше рет жасап көрдік, бірақ әзірше қолдау таппады. Өйткені аппаратуралары өте қымбат тұрады. Сол себепті заманауи деңгейге әлі көшкен жоқпыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Мейірман Лес

"Baribar.kz" порталы

 

Сілтеме: https://baribar.kz/153687/quyrshaq-teatry-balany-eresek-shaqqa-qalaj-dajyndajdy/