Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

Гүлжәмиля Ілясова 65 жаста!

17 Қараша 2020

86 жылдық терең тарихы бар Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрында ағымдағы жылдың 4 желтоқсан күні көркем өнерге адал қызмет етіп келе жатқан ізгілік әлемінің саңлақ сахнагері ІЛИЯСОВА ГҮЛЖӘМИЛЯ АЙЫПҚЫЗЫ мерейлі 65 жасқа толады!

 

Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Өнер ордасының қалыптасуы мен өркендеуі жолында талантты режиссерлер, сахна шеберлері және өнертанушылар тынбай еңбек етіп, театрдың дамуына өз үлестерін қосып келеді. Өсу жолында уақыттың сүрлеуінен өтіп, үлкен белестерді бағындырған театрдың аға буын сахнагерлері жас буын артистеріне білгенін үйретіп, қуыршақ театры көрермендері үшін талмай еңбектену үстінде. Осындай ардагер артистеріміздің бірі, сахнаның сәні, көрермендердің сүйікті кейіпкерлеріне айналған талант иесі, саналы ғұмырын қуыршақ театрына арнаған актриса – Ілиясова Гүлжәмиля Айыпқызы.

Гүлжәмиля Ілиясова – өнер ордамыздың ардагер артисі, Қазақстанның мәдениет қайраткері, кәсіби деңгейдегі қуыршақ жүргізу шебері. 1955 жылы 4 желтоқсанда Ақмола облысы, Біржан сал ауданы (бұрынғы Еңбекшілдер), Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Киелі көкше өңірі иісі қазаққа талай таланттар шоғырын сыйласа, Г.Ілиясова да сол өнер тарландарының ізін басқан еңбексүйгіш қалпымен, талпынысымен ерекше дараланған ару болып бойжетті. 1975 жылдан өнердегі шығармашылық өмірі басталған сахна саңлағы өзінің мәнді ғұмырында бір ғана өнер ұжымында өлшеусіз еңбек еткен табанды әрі тұрақты маман. Оның 45 жыл бұрын Мемлекеттік қуыршақ театрына әкелген ең алғашқы еңбек кітапшасында «театрға қабылданды» деген мөр болса, ол әлі күнге дейін өзгеріске ұшырамаған.  Осыдан-ақ артистің мамандығына деген шексіз махаббатын аңғаруға болады.

Алғаш қуыршақ өнеріне қадам басқан жылдары режиссер П.И.Потороко, А.Тайғаринова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері С.Бейшенов, А.Жайлімісов, Ш.Қадыров, Қ.Ешмұратова сынды қазақ қуыршақ өнерін қалыптастырушылар мектебінен сабақ алған. Білімін жетілдіру мақсатында Ташкент қаласындағы М.Уйгун (бұрынғы Н.Островский) атындағы театр институтында «Қуыршақ театрының артисі» мамандығында профессор Сергей Владимирович, Крылова Ушна Григорьевна сынды мамандардың шеберханасынан бітіріп шықты.

Театрдағы әрбір кейіпкері өзінше көркем. Ерекше формасы бар, қызықты әрі күрделі кейіпкерлерді сомдауда Г.Ілиясоваға жететін еңбекқор артистер кемде-кем еді. Солардың ішінде «Сәбираның әлегі» – Қарашаш, «Аладдинның сиқырлы шамы» – Будур, «Қаңбақ шал» – қаңбақ шал, кемпір, қара дау, қызыл дау, түлкі, «Қожа мен спорт» – Алтыншаш, жалқау, «Тарқамайды тойымыз» – Ханума,  «Сәукеле» – Гүлсана,  «Аққу Жібек» – жеңге,  «Маша мен аю» – әже, «Кішкентай бақаның шым-шытырық оқиғалары» – судачиха, филондар, «Көңілді қонжықтар» – әже, «Қуыршақ думан» – Р.Бағланова, шығыс қызы, акробат, балты, М.Джексон, армян, сыған қызы, «Солдат қазандығы» – әже, солдат т.б. көптеген екі тілде жүретін спектакльдерде шашасына шаң жұқтырмайтын сахнаға жүйрігі болды. 200-ден астам кейіпкерлердің бірін-бірі қайталамайтын мінез, дауыс ерекшеліктерін тауып, балғын бүлдіршіндер мен ересек көрермендердің көңілінен ерекше орын алды.

Сондай-ақ, кәсіби театр мамандары да Гүлжәмиля Айыпқызының кәсіби шеберлігіне таңдай қағысты. Оған дәлел Қ.Ешмұратованың режиссерлігімен 1984 жылы «Қаңбақ шал» халық ертегісінің моноспектакль ретінде сахналануы. Ондағы қаңбақ шал, кемпір, қара дәу, қызыл дәу, түлкі бейнелерін өзі ойнаған актриса қуыршақ жүргізудің хас шеберіне айналып үлгерді. 1994 жылы Иран Республикасы, Тегеран қаласында өткен Халықаралық фестивальде үздіктер қатарынан көрінді. Бұл қойылым домбырамен, халық күйлері арқылы сүйемелденеді. Домбырашы, артист – Елік Махин. «Қаңбақ шал» екінші рет өңделіп, режиссерлік шешімдер аздаған өзгеріске ұшырап сахналанғанында үш артист ойнады. Олар – Г.Ілиясова, Е.Жүнісова және В.Беркин болды. Сол құраммен 2010 жылы Чехия Республикасы, Прага қаласында өткен Дүниежүзілік қуыршақ театрларының фестивалінде 38 мемлекеттің арасынан Гран-При иеленді.

Сахнада ғана емес, қуыршақ театры режиссері ретінде кәсіби тәжірибесі  жас буынға үлгі болып келеді. Осы кезге дейін О.Әубәкіровтың «Чемпион Қожа», «Наурыз думан», «Қош, келдің әз-Наурыз», «Көңілді қонжықтар», Қазақстандағы Польша елшілігінің тапсыруы бойынша поляк халқының Рождествосы т.б. қойылымдарға режиссерлік етті. «Керуен дала» қойылымы Болгария елінде  болған фольклорлық фестивальде көрермендердің үлкен қошеметіне бөленді.

www.adyrna.kz