Ертегілер әлеміне құштар, ізгілікке сенетін кез келген адам Қуыршақ театрының билеттерін алуға асығады. Мұнда адамның жасына қатысты шектеу жоқ. Театрға келуші әр қойылымнан өзі іздеген жан тыныштығын табады, ерекше көңіл күйге бөленеді! Балалар әлемі ең көңілді, ең шынайы әлем! Ал қоғам осындай тазалыққа құштар!

"БАЛА КӨРЕРМЕНДЕРМЕН БАЙЛАНЫС БӘСЕҢДЕМЕЙДІ"

22 Мамыр 2020

Алматы Мемлекеттік қуыршақ театры онлайн форматта жүйелі жұмыс атқаруда. Елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде мәдениет саласының еңбеккерлері де қапы қалмай қалың көпшілікті рухани байыту жолында түрлі жобалар жасап, көрермен назарына ұсынуда. Солардың бірі, қамкөңіл көрерменімен байланысын үзбеген өміршең өнер ордасы – Мемлекеттік қуыршақ театры. Талғампаз, талапшыл, тәуелсіз көрермендердің жүрегінен орын алып үлгерген тарихы терең тәрбие мектебі кішкентай көрермендерімізді ғана емес, ересектердің өзін сан-қилы қуыршақ өнеріне қызықтыруда. Жыл бойы демалыссыз жұмыс жұмыс жасап, балапандар үшін базарлығы таусылмайтын театр қазір де ОНЛАЙН түрде өтетін түрлі қызғылықты жобалар мен айрықша айдарларымен таңдандыруда. Бүгінде барлық бүлдіршіндер гаджеттерден сансыз ақпараттарды алып, интернет желісінен түрлі бейнежазбалар көре алады. Ал, ҚУЫРШАҚ театрының басты міндеті – осындай сан қилы ақпараттар арасынан балалар үшін пайдалы, ой-өрісі, таным көкжиегі кеңейетін дүниелерді ұсыну. Осы ретте балабақшалардан уақытша демалысқа шыққан кішкентай бүлдіршіндер үшін әр күн сайын театр артистері қызықты ертегілер оқып, оны театрдың әлеуметтік желідегі парақшаларына жүктеп отырады. Қаралым саны көбейіп, көрермендер тарапынан түрлі ізгі тілектер жолдануда. Атап айтқанда қуыршақ театрын сағынған құлыншақтар үшін «ҚАЙЫРЛЫ ТҮН, БАЛАҚАЙ» және «БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ» айдарларында халық және әлем ертегілерін оқудың түрлі қызықты формалары табылып, театр артистері кішкентай көрермендеріміздің көңілінен шығуда.Сонымен қатар, рухани биікке, ізгі қасиеттерге үндейтін театр репертуарындағы үздік қойылымдарды онлайн тамашалау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл, әсіресе бұрын театрға келуге мүмкіндігі болмаған шалғайдағы көрермендеріміз үшін де қарастырылып отыр. Қызықты қойылымдар легі театрдың YOUTUBE парақшасына жүктеліп, аптасына екі рет болатын көрсетілімдердің жарнамасы әлеуметтік желілерге жарияланып отырады.

Кішкентай көрермендерімізден бөлек, театрдың шығармашылық келбетін қалыптастыруға оң ықпалын тигізген ересектерге арналған қойылымдар жайлы жаңа айдар да көрермендерге жол тартты. «ТЕАТРТАНУШЫЛАР ТАЛДАУЫ» деп аталатын айдар «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТР СЫНШЫЛАРЫ БІРЛЕСТІГІМЕН» бірлесе отырып жарыққа шығарған жоба. Тікелей эфирде өтетін сұхбат барысында театртанушылар спектакльге терең талдау жүргізеді. Өткір сын, жүйелі пікір театрдың көркемдік келбетін қалыптастырып, кәсіби деңгейінің жоғарылауына зор ықпалын тигізері анық. Жаңашылдықты жаны сүйетін театр көрермендеріне тағы да тағылымды әрі қызықты жобалар дайындау үстінде. Театр артистері қашықтықтан жұмыс жасап, жаңа қойылымның «ПЬЕСА ОҚЫЛЫМЫ», «ХОР», «ВОКАЛ» сабақтарын өтіп жүргеніне қарамастан кішкентай көрермендерге өте пайдалы жаңа жобаны әзірлеу үстінде. Келер апта кішкентай көрермендер назарына ұсынылатын жағымды жаңалықтардан, жаңашыл жобалардан қапы қалмаңыздар! Қуыршақ театры ұсынар қызықтар әлі алда.

Бізбен бірге болыңыз, сүйікті көрермен! 

БЕЙБІТ ӘЛКЕЕВА

www.madenietportal.kz