Қазақша  |  Русский  |  English

Театр тарихы

 

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Ол 1935 жылы белгілі қайраткер Темірбек Жүргеновтың бастамасымен ашылған.  

Қазақ мәдениет және театр әлемінде есімдері алтын әріптермен жазылатын ұлы тұлғалар Л.Хамиди, Қ.Бадыров, С.Телғараев, Ә.Бейсеуов, Н.Тілендиев, О.Әубәкіров, С.Шүкіров, Қ.Ешмұратова сынды тағы да басқа көрнекті қайраткерлер негізін салған қарашаңырақ талантты артистердің, қуыршақ шеберлерінің, режиссерлердің, суретшілердің бірнеше ұрпағын тәрбиелеп шығарды. Театр бүгінде таяқ қуыршақтан бастап, жаңа заман ағымына сай күрделі марионеткалар, соңғы үлгідегі техникалық-лазерлі көркемдеулермен, заманауи сахна, жарық және дыбыс қонқырғыларымен жабдықталған.

Бүгінде ұлттың рухани қажеттілігін өтеп отырған театрдың репертуарлық саясатының ауқымы кең. Репертуардағы 50-ге жуық спектакльдер қазақ және орыс тілдерінде көрермен назарына ұсынылып отыр. Қуыршақ театры отандық және әлемдік әйгілі әдеби туындылар негізінде сахналанған көркемдік деңгейі жоғары қойылымдарды көрермен назарына ұсынылуда. Қуыршақ театрында бүгінгі күнде 214 орынды үлкен зал және 60 орынды кіші зал қызмет етеді.

Театр репертуарында балаларға арналған қойылымдармен қатар ересектер аудиториясына арналған «Шекпен» (Н.Гоголь), «Ромео мен Джульетта» (У.Шекспир), «Ана-Жер ана» (Ш.Айтматов) сынды тағы да басқа спектакльдер кездеседі.

Әлемге әйгілі «Қасқыр мен жеті лақ», «Етік киген Мысық», «Қызыл телпек», «Аладдиннің сиқырлы шамы», «Буратиноның шым-шытырық оқиғасы», «Түйме қыз» сынды тағы да басқа балаларға арналған ертегілер театр репертуарында бар.

«Қаңбақ шал», «Ер Төстік», «Алтын адам», «Ұр, тоқпақ!» сынды қазақ халық ертегілерімен қатар заманауи драматургтердің авторлығынан туған «Чемпион», «Есте сақта, балақай!», «Өмір-өзен» сынды балаларға арналқан қойылымдар театр репертуарында кездеседі.

 

Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театры өнер саласында ерекше орын алып, еліміздің мәдени өміріне маңызды үлес қосып келеді. Оның жетістіктері мен халықаралық және республикалық фестивальдерге қатысу тарихы театрдың шығармашылық деңгейінің жоғары екенін айқын көрсетеді. Төменде театрдың негізгі жетістіктері мен фестивальдерге қатысқан жылдарының хронологиясы ұсынылды:

·  1969 жылы Ташкент қаласында І Орта Азия елдері мен Қазақстан Республикасының қуыршақ театрларының фестиваліне А. Исмаиловтың «Алдар көсе» және С. Образцовтың «Большой Иван» спектакльдерімен қатысып,  дипломмен марапатталды. «Алдар Көсе» қойылымындағы «Шайтан» рөлі үшін актриса Зәкіш Дүйсенова мен бас режиссер Павел Поторока ҚазССР-нің еңбек сіңірген артистері атағына ие болды;

·  1975 жылы Фрунзе қаласында өткен Орта Азия және Қазақстан Республикасының II қуыршақ театрлары фестивалінде Ж. Карбозиннің «Кербақпай» спектаклімен қатысып, дипломмен марапатталды;

·  1979 жылы Ташкент қаласында өткен Азия елдерінің Халықаралық қуыршақ театр фестивалінде О. Әубәкіровтың «Қожа мен спорт» спектаклі үшін «Ең үздік спектакль» дипломымен марапатталды;

·  1981 жылы Вьетнам, Кампучия Республикасында «Ақ құс туралы аңыз» спектаклімен гастрольдік сапарда болды;

·  1987 жылы Қостанай қаласында өткен І Республикалық қуыршақ театры фестиваліне «Айболит», «Сказка о котенке и звездочке» қойылымдарымен қатысты;

·  1990 жылы Архангельск қаласында (Ресей) өткен Халықаралық қуыршақ театры фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымы үшін «Құрмет» дипломымен марапатталды;

·  1994 жылы Иран Ислам Республикасының Тегеран қаласында өткен Халықаралық қуыршақ фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды;

·  1995 жылы Ташкент қаласында өткен Халықаралық фестивальде «Мелодия друзей» спектаклімен қатысып, марапатталды;

·  1997 жылы Жезқазған қаласында өткен фестивальде «Али Баба және қырық қарақшы» қойылымымен қатысып, «Үздік спектакль» номинациясына ие болды;

·  1998 жылы Павлодар қаласында өткен фестивальде «Құрманғазы» спектаклімен қатысып, марапатталды;

·  2000 жылы Атырау қаласында өткен фестивальде «Аққу-Жібек» қойылымымен қатысып, марапатталды;

·  2003 жылы театр ұжымы Курган қаласында өткен Ресейдегі Қазақстан күндеріне қатысты;

·  2004 жылы Ақтөбе қаласында өткен Халықаралық «Алақай» фестиваліне «Атамекен» спектаклімен қатысты;

·  2004 жылы Қытай Халық Республикасында гастрольдік сапарда болды;

·  2005 жылы Ақтау қаласында өткен «Ортеке» Халықаралық фестивалінде «Большие приключения маленького лягушонка» спектаклімен қатысып, «Ең үздік қойылым» номинациясымен марапатталды;

·  2008 жылы Ресейдегі «Театр кукол – XXI век» Ассоциациясының шақыртуымен Мемлекеттік қуыршақ театры Мәскеу қаласы Орталық шығармашылық қызметкерлер үйінде және «Огниво» қуыршақ театрында (Мәскеу) өнер көрсетті;

·  2009 жылы ҚХР Гуанчжоу қаласына гастрольдік сапар, сондай-ақ Түркия Республикасы Бурса қаласында өткен «Қарагёз» фестиваліне «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысып, марапатқа ие болды;

·  2010 жылы Чехия Республикасы Прага қаласында өткен Халықаралық қуыршақ фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды;

·  2011 жылы Жапония Мемлекетінің Иида қаласында Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, марапатталды;

·  2011 жылы Болгария Республикасы Бургас қаласында өткен фольклорлық фестиваліне «Дала керуені» қойылымымен қатысты;

·  2011 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қуыршақ театрлары карнавалында өнер көрсетті;

·  2013 жылы Астана қаласында өткен «Ортеке» III Халықаралық қуыршақ театрларының фестивалінде «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» спектаклімен қатысып, «Ең үздік актерлік жұмыс» номинациясымен марапатталды;

·  2014 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік қуыршақ театрлары карнавалында өнер көрсетті;

·  2014 жылы жас режиссерлердің қойылымының арасында «Каштанка» спектаклі Бас жүлдеге ие болды;

·  2015 жылы өткен ІV Халықаралық қуыршақ фестивалінде Үнді, Грекия, Германия, Түркмения, Гүржістан т.б. театрларын баса озып, режиссер К. Адыловтың сахналауындағы «Каштанка» қойылымымен Бас жүлдені иеленді;

·  2017 жылы 25-29 мамыр аралығында театр ұжымы Бішкек қаласында (Қырғызстан) драматург, режиссер, қуыршақ театрларының негізін салушы Виктор Швембергердің 125-жылдығына орай ІІ Халықаралық «Так-теке» қуыршақ театры фестиваліне қатысып, А. Чеховтың «Каштанка» ертегісі үшін «Классикалық шығарманы қуыршақ жанрында көрсеткені үшін» номинациясымен, қоюшы-режиссері К. Адылов «Ең үздік режиссер» номинациясымен, сондай-ақ Қырғыз театр қайраткерлері одағының арнайы дипломымен марапаттады;

·  2017 жылдың 28 мамырында Кишинев қаласында (Молдавия) өткен «Под шапкой Гугуцэ» Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінде «Қаңбақ шал» қойылымы 25 мемлекеттен келген өнер өкілдерінің назарына ұсынылып, «Ұлттық дәстүрді насихаттағаны үшін» және театр директоры Т. Есеналиев «Үздік менеджер» дипломымен марапатталды;

·  2017 жылдың 5-9 маусым аралығында Татарстан Республикасында өткен ХІІІ Халықаралық «Наурыз» фестиваліне драматург Ә. Файзуллаұлының «Алтын адам» эпикалық спектаклімен қатысты;

·  Анкара муниципалитетінің ұйымдастыруымен Түркия Республикасында 2017 жылдың 1-9 тамызында өткен Халықаралық VII театрлар фестивалінде театр ұжымы «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысып, арнайы дипломмен марапаталды;

·  2017 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы І Республикалық драма театрларының жас режиссерлерінің арасында өткен форум-фестиваліне режиссер Р. Жаныаманов сахналаған Ж. Омаровтың «Құлыншақ пен бөлтірік» ертегісімен қатысып, арнайы дипломмен марапатталды;

·  2017 жылдың қазан айының 19-27 аралығында Түркия Республикасында өткен III Халықаралық Анкара фестивалінде «Қуыршақ думан» және «Арыстанның үрейін қалай емдейміз?» қойылымдарын ұсынды;

·  2018 жылдың ақпан айының 1-15 күндері аралығында Франция, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Өзбекстан және Қазақстанның үздік өнер ұжымдары қатысып, бақ сынап, өзара тәжірибе алмасқан «Откровение» V Халықаралық орындаушылық өнер фестиваліне театр ұжымы «Ана жүрегі» спектаклімен қатысып, кәсіби сарапшылардың жоғары бағасына ие болды;

·  2018 жылдың сәуір айының 20-22 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен Т. Ахтановтың 95 жылдығына арналған III Халықаралық «Balausa» фестиваліне театр ұжымы «Ана-Жер Ана» спектаклімен қатысып, алғыс хатқа ие болды. Актриса Д. Иса «Әлиман» рөлі үшін «Ең үздік дебют» номинациясын иеленді;

·  2018 жылдың қыркүйек айының 22-27 күндері аралығында Ақтөбе қаласында өткен «Ассалаумағалейкум – V» Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне режиссер А. Зайцев сахналаған «Ана жүрегі» қойылымымен қатысып, Бас жүлде мен «Ең үздік қойылым» номинацияларын иеленді;

·  2018 жылдың 22-29 қазан аралығында театр ұжымы Душанбе қаласында (Тәжікстан) өткен «Чодари хаёл» VI Халықаралық қуыршақ театрларының фестиваліне «Ана жүрегі» қойылымымен қатысты;

·  Өнер ордасы 2018 жылдың 10-14 қараша күндері аралығында Өскемен қаласында өткен Рүстем Есдәулетов атындағы II Республикалық театр фестиваліне режиссер А. Салбан сахналаған Еврипдтің «Медея» трагедиясымен қатысып, облыс әкімі атынан Р. Есдәулетов атындағы «Арнайы сыйлық» және «Ең үздік режиссер» номинацияларымен марапатталды;

·  2018 жылдың 12-17 қараша күндері аралығында Қырғызстан Республикасы Бішкек қаласында өткен «Айтматов және театр» Халықаралық фестиваліне режиссер Д. Жұмабаева сахналаған «Ана-Жер Ана» қойылымымен қатысып, «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» марапатына ие болды;

·  2019 жылдың 26 ақпаны мен 6 наурыз аралығында Ресей Федерациясы, Челябинск қаласында өткен «CHELoBEK ТЕАТРА» кіші формада сахналанатын спектакльдердің VII Халықаралық театр фестиваліне «Ана-Жер Ана» қойылымымен қатысты;

·  2019 жылдың маусым айының 1-9 күндері аралығында Қазан қаласында (Татарстан) өткен «Науруз» XIV Халықаралық театр фестиваліне режиссер Д. Жұмабаева сахналаған «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысты;

·  2019 жылдың 20-30 маусым күндері аралығында театр ұжымы XIV Халықаралық «КукART» театр фестивалінде абыроймен өнер көрсетті. Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург қаласының музыкалық «Зазеркалье» театрының сахнасында «Ана жүрегі» қойылымымен бақ сынап, «Үздік спектакль» және «Үздік актерлік ансамбль» номинацияларын жеңіп алды;

·  2019 жылдың 24-30 қыркүйек күндері аралығында Ресей Федерациясы, Омбы қаласында өткен «В гостях у Арлекина» VI Халықаралық театр фестиваліне театр «Ана жүрегі» спектаклімен қатысты;

·  2019 жылдың 19-27 қазан аралығында Түркия Республикасы, Анкара қаласында өткен V Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне  «Ана жүрегі» қойылымымен қатысты;

·  2019 жылдың 30 қазан – 4 қараша күндері аралығында Көкшетау қаласында өткен «ТеART-Көкше» I Халықаралық театр фестиваліне «Ана жүрегі» қойылымымен өнер көрсетті;

·  2019 жылдың 15-18 желтоқсан күндері аралығында Қарағанды қаласында өткен «Кукляндия» I Халықаралық қуыршақ театрлар фестиваліне «Қуыршақ думан» қойылымымен қатысты;

·  2019 жылы Халықаралық театр сыншылар бірлестігінің «Қазақстан театрлары» мониторингі қорытындысының нәтижесінде театр ұжымы «Жылдың БАҚ-пен үздік жұмыс жасаған театры» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, режиссер Д. Бурман сахналаған «Айко мен Страшко» қойылымы үшін «Сыншылар жүлдесімен» марапатталды;

·  2020 жылдың 17-25 қазан аралығында онлайн форматта өткен VI Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлар фестиваліне «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, дипломант атанды;

·  2021 жылдың қаңтар айында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесімен» «Үйшік» спектаклі – Үздік балаларға арналған қойылым» номинациясы бойынша марапатталды;

·  2021 жылдың 27 наурыз күні театр ұжымы «Қырғыз авторының шығармасын ең үздік сахналаған шет елдік театр» номинациясы бойынша «Ана-Жер Ана» спектаклімен Қырғызстан Республикасының «ЭРГУУ-2021» ұлттық театр жүлдесін иеленді;

·  2021 жылдың маусым айының 7-13 күндері аралығында Қазан қаласында (Татарстан) өткен «Науруз» XV Халықаралық театр фестиваліне режиссер А. Зайцев сахналаған «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклімен қатысты;

·  Театр ұжымы 2021 жылдың 22-30 маусым күндері аралығында Ресей Федерациясы Санкт-Петербург қаласында өткен «КукART» XV Халықаралық қуыршақ және синтетикалық театрлар фестиваліне «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, «Уильям Шекспир шығармасының қазақ тіліндегі ерекше оқылымы» номинациясымен марапатталды;

·  2021 жылдың 4-8 қазан күндері аралығында Көкшетау қаласында өткен «ТеART-Көкше» ІІІ Халықаралық театр фестиваліне «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклімен бақ сынап, «Үздік режиссер» номинациясын иеленді;

·  2021 жылдың 11-16 қазан аралығында Қарағанды қаласында өткен Әшірбек Сығай атындағы «Сын – шын болсын» республикалық театрлар фестивалінде «Ромео мен Джульетта» (реж.: Д. Жұмабаева) спектаклімен қатысып, жүлделі 1 орынға ие болды;

·  2021 жылдың қазан айының 19-26 күндері аралығында Түркия Республикасы Анкара қаласында өткен VII Халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлары фестиваліне ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» (реж.: Д.Жұмабаева) және балаларға арналған «Үйшік» (реж.: А.Зайцев) спектакльдерімен қатысты;

·  2022 жылдың 11-17 сәуірінде «Ромео мен Джульетта» спектаклімен Алматы қаласында өткен «Тотал театр» театрының «Махаббат туралы спектакльдер апталығы» атты фестиваліне қатысып, «Сүйікті спектакль» номинациясын жеңіп алды;

·  2022 жылдың 20-25 сәуірінде «Макбет. Иллюзия» спектаклімен Ақтөбе қаласында өткен V Халықаралық «BALAUSA» эксперименталды спектакльдер фестиваліне қатысып, «Үздік қойылым», «Үздік сценография» номинациялары бойынша Бас жүлде жеңіп алды;

·  2022 жылдың 20-30 мамырында Түркия Республикасының Конья қаласында өткен XIV Халықаралық түркітілдес елдерінің «Мың тыныс – бір дауыс» театр фестиваліне «Макбет. Иллюзия» спектаклімен қатысып, арнайы дипломға ие болды;

·  2022 жылдың 14 маусымында Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының ұйымдастыруымен өткен «Еңлікгүл-2022» кәсіби театр сыйлығының марапаттау рәсімінде «Үздік театр» номинациясына ие болды;

·  2022 жылдың 20-23 қыркүйегінде «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклімен VI Халықаралық «Ассалаумағалейкум» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып, «Ересектерге арналған ең үздік қойылым» номинациясы бойынша Бас жүлде  орнына ие болды;

·  2022 жылдың 20-23 қыркүйегі аралығында ІІ Халықаралық «Abish alemi» театр фестиваліне «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссерлік жұмыс» номинациясына ие болды;

·  2022 жылдың 1-6 қазан аралығында Болгария Республикасының Варна қаласында өткен XVIII Халықаралық «Алтын дельфин» қуыршақ фестиваліне «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, ересектерге арналған қойылымдар секциясы бойынша Бас жүлде орнына ие болды. Спектакльде Тибальт, Лоренцо, Капулетти, Монтекки, Бенволио рольдері үшін артист Шохан Құлназаров «Ең үздік ер адам» номинациясын иеленді. Ал Ромео мен Джульетта рөлдеріндегі Ұлан Асанбек пен Ұлпан Серік «Ең үздік дебют» номинациясына ие болды;

·  2022 жылы 15-23 қазан аралығында Түркияның Анкара қаласында өткен VIII халықаралық «Анкара» қуыршақ театрлары фестиваліне ересектерге арналған «Шал мен теңіз» спектаклімен (реж.: Д. Жұмабаева) және балаларға арналған «Қаңбақ шал» қойылымымен қатысып, қатысқаны үшін арнайы дипломға ие болды;

·  2022 жылы 25-29 қазан аралығында Көкшетау қаласында өткен IV халықаралық «ТеART-Көкше» театр фестиваліне ересектерге арналған «Макбет. Иллюзия» спектаклімен қатысты. Театр артисі Шохан Құлназаров Макбет рөлі үшін «Яков Куклинский атындағы арнайы сыйақыға» ие болды;

·  2022 жылы желтоқсан айында Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің шешімімен «Сыншылар жүлдесі - 2022» жыл қорытындысы бойынша театр артисі, Мәдениет саласының үздігі Бақытжан Қаюов «Шал мен теңіз» спектакліндегі Шал рөлі үшін «Қуыршақ театрының жыл актері» номинациясын, ал қазақ халық ертегісі желісімен сахналанған «Ұр, тоқпақ!» (реж.: Е. Қабдыл) спектаклі «Қуыршақ театрының жыл қойылымы» номинациясын иеленді;

·  2023 жылы сәуір айында «Тотал театр» театр компаниясы ұйымдастырған Халықаралық «TOTAL FEST: Действующее лицо» фестиваліне театрымыз «Мен бір жұмбақ адаммын... Абай» спектаклімен қатысып, арнайы дипломға ие болды. Сонымен қатар, театр артисі Руслан Абу көрермен дауыс беруі нәтижесінде аталмыш спектакльдегі Икар рөлі үшін «Ең сүйікті актер» номинациясын иеленді;

·  2023 жылы 22-28 сәуір аралығында VI Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлары фестиваліне «Мен бір жұмбақ адаммын...Абай»  спектаклімен қатысып, «Ең үздік актерлік шеберлік» номинациясын иеленді;

·  2023 жылы 7-10 маусым аралығында Атырау қаласында өткен Чапай Зұлхаш атында І Республикалық режиссерлер мен сценографтар фестиваліне ересектерге арналған «Медея» қойылымымен қатысып, спектакль суретшісі А. Жүсіпәлі «Үздік сценограф» номинациясына ие болды;

·  2023 жылы 13 маусым күні театр режиссері Е. Қабдыл «Балаларға арналған спектакльдегі жылдың ең үздік шығармашылық жұмысы» номинациясы бойынша, ал театр режиссері А. Зайцев «Жылдың ең үздік режиссері» номинациясы бойынша «Еңлікгүл - 2023» театр өнерінің кәсіби сыйлығына ие болды;

·  2023 жылы 25-29 маусым аралығында Астана қаласында өткен ІІІ Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестиваліне өнер ордамыз «Қуыршақ» психологиялық моноспектаклімен қатысып, басты рөлді сомдаушы артист Болат Момынжанов «Үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болды;

·  2023 жылы 30 шілде мен 5 тамыз аралығында театр ұжымы Болгария Республикасы Бургас қаласында өткізілген Х Халықаралық «Қуыршақ күндері» ашық аспан астындағы қуыршақ театрлары фестиваліне «Қуыршақ думан» (реж.: Қ. Ешмұратова, С. Шүкіров) спектаклімен қатысып, «Бас жүлдеге» ие болды;

·  2023 жылы 9-13 қыркүйек аралғында Ресей Федерациясы Рязань қаласында өткен ХІХ Халықаралық «Рязань көрсетілімдері» қуыршақ театрлар фестиваліне өнер ордамыз «Шал мен теңіз» спектаклімен қатысып, арнайы дипломға ие болып, үздік танылды;

·  2023 жылы 9-15 қазан аралығында театр ұжымы Петропавл қаласында өткен Темірбек Жүргеновтің 125 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХІХ Республикалық фестиваліне  «Шал мен теңіз» спектаклімен қатысып, қатысқаны үшін арнайы дипломға, сонымен қатар басты рөлді сомдаушы Б. Қаюов Сантьяго рөлі үшін «Үздік ер адам рөлі» номинациясына ие болды;

·  2023 жылы 11-16 желтоқсан аралығында театр ұжымы Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен ХХ Халықаралық «Бурса Қарагөз» Қуыршақ және Көлеңкелі театрлар фестиваліне «Қуыршақ думан» спектаклімен қатысып, арнайы сыйлыққа ие болды;

·  2023 жылы 22 желтоқсанда «Ұр, тоқпақ!» қойылымы «Үздік балалар спектаклі (шағын көлемді)» номинациясы бойынша «UMAI - 2023» ұлттық сыйлығына ие болды;

·  2024 жылы 2-6 шілдеде Канада мемлекеті, Оттава қаласында өткен І Халықаралық «Оттава» қуыршақ театрлар фестиваліне театр ұжымы «Ромое мен Джульетта» спектаклімен қатысып, Бас жүлде номинациясына ие болды;

·  2024 жылы 18-22 қыркүйекте Беларусь Республикасы, Гродно қаласында ІV Халықаралық «Лялькі над Неманом» қуыршақ өнері фестиваліне театр ұжымы «Қаздар мен аққулар» (реж.: А. Зайцев) спектаклімен қатысып, арнайы дипломға ие болды;

·  2024 жылы 23-27 қыркүйекте Гүржістан мемлекеті, Батуми қаласында ІІ Халықаралық «Батуми» қуыршақ театрлар фестиваліне «Макбат. Иллюзия» спектаклімен қатысып, «Үздік режиссер» номинациясы ие болды. Осы кезеңде театр ұжымы Гүржістанның 5 қаласында шет елдік гастрольдік сапарын ұйымдастырды;

·  2024 жылы 12 желтоқсанда Қазақстан Театр қайраткерлері Одағының «Еңлікгүл-2024» кәсіби театр сыйлығы бойынша театрдың жарық беру маманы Қ. Чужетов «Спектакльдегі ең үздік жарықпен көркемдеуші» номинациясына ие болды;

·  2024 жылы 18 желтоқсанда Халықаралық театр сыншылары бірлестігінің «Сыншылар жүлдесі - 2024» мониторингі бойынша театр ұжымы «БАҚ-пен жұмыс атқарған жыл театры», «Шекпен» спектаклі «Қуыршақ театрыны жыл қойылымы», театр артисі Ш. Құлназаров «Қуыршақ театрының жыл актері» номинацияларына ие болды;

·  2022 жылы Алматы қаласы әкімдігінің бастамасымен театр ғимаратының жанында балаларға арналған заманауи ойын алаңы орнатылды;

·  2023-2024 жылдары театр ғимаратына жөндеу және жандандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, театр фойесі, сахна кеңістігі, көрермен және дайындық залдары, грим бөлмелері, гардероб, санитарлық-гигиеналық және басқа да орындар толықтай күрделі жөндеуден өтті. Көрермендердің қойылым тамашалау барысында жайлы демалуына жағдай жасайтын ыңғайлы, жұмсақ орындықтар орнатылып, соңғы үлгідегі заманауи дауыс, жарық, сахна жабдықтарымен жаңартылды;

·  2024 жылы Алматы қаласының күніне орай театр ұжымының ұзақ жылдық еңбегі мен мәдени кеңістіктегі өлшеусіз үлесі ескеріліп, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың арнайы табыстауымен театрға «Алматы қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді;

·  2025 жылы 21-25 мамыр аралығында Алматы қаласында өткен VII Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестиваліне театр ұжымы «Шекпен» спектаклімен қатысып, «Гран-При» жүлдесіне ие болды;

·  2025 жылы 30 маусым мен 4 шілде аралығында Астана қаласында өткен ІV Халықаралық «Құралай» қуыршақ театрлар фестиваліне театр ұжымы «Қаңбақ шал» спектаклімен қатысып, «Театрдың алтын коллекциясы» номинациясына ие болды;

·  2025 жылы шілде айында Франция мемлекеті, Авиньон қаласында өткізілген Халықаралық «Off Avignon» театр фестиваліне театр ұжымы «Ромео мен Джульетта» спектаклімен қатысып, еуропалық көрерменді тамсандырды. Нәтижесінде қуыршақ театры Румынияда өтетін Халықаралық Шекспир фестиваліне шақыру алды.

 

2013 жылы театр ғимараты ауқымды реконструкциядан өткізілді. 2023 жылы театрда ағымдағы жөндеу және жандандыру жұмыстары жүргізілді. Фойе, сахна кеңістігі, көрермен және дайындық залдары, грим бөлмелері, гардероб, санитарлық-тұрмыстық және басқа да орындар толық жаңартылды. Көрермендерге жайлы жағдай жасау үшін жаңа, ыңғайлы әрі жұмсақ орындықтар орнатылып, сахна заманауи дыбыс, жарық және техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілді.

 

2022 жылдың ақпан айынан бастап театр директоры қызметін Алмат Абдрахманов атқарып келеді. Көркемдік жетекші – белгілі режиссер Куабычбек Адылов.